Қонаев қаласындағы мектептің бірінде қайғылы жағдай болды. «Орта мектеп-гимназия» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің 6-сынып оқушысы үшінші қабаттағы баспалдақтың жақтауынан сырғанаймын деп басымен құлап, ауруханада көз жұмды. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Мектеп директорының айтуынша, түскі үзіліс кезінде болған. 6-сынып оқушысы үшінші қабаттағы баспалдақтың жақтауынан сырғанамақ болып, екінші қабаттың алаңына баспен құлайды. Сол сәтте бала есінен танып қалған. Іле-шала жедел жәрдем бригадасы ес-түссіз күйде қалалық ауруханаға жеткізді. Дәрігерлер оқушының өмірін сақтап қалу үшін операция жасады. Өкінішке қарай, бала бүгін таңертең ауруханада көз жұмды.
АЙДОС ҒИЗАТОВ, КӨПСАЛАЛЫ АУРУХАНА ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— 2015 жылы дүниеге келген оқушы жансақтау бөліміне түсті. Баланың бас сүйегі сынып, миына қан кеткен. Оның өмірін сақтап қалу үшін еліміздегі білікті дәрігерлер жұмылдырылды. 6 сағатқа созылған КТ тексеруден соң мидағы ісіктің белең алып бара жатқаны анықталып, операция жасалды. Өкінішке қарай, бүгін таңертең жүрегі тоқтап қалды.
Оқыс оқиғаның қалай болғаны мектеп ішіндегі бейнекамераның біріне жазылған. Онда оқушыны ешкімнің итермегені, тепе-теңдігін жоғалтып, баспалдақтың жақтауынан төменгі қабатқа құлаған сәті сақталған. Мектеп директоры 6-сынып оқушысының гимназияға биыл жаңа оқу жылында Қызылорда облысынан ауысып келгенін, бұған дейін өзі басқаратын орта білім ошағында мұндай оқыс оқиға болмағанын айтты.
ГҮЛЗАТ ЕРЖАНОВА, ҚОНАЕВ ҚАЛАЛЫҚ «ОРТА МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯ» КММ ДИРЕКТОРЫ:
— Оқушы құлап жатқанын айтқан, содан жедел жәрдем шақырдық және мектебіміздің медбикесі алғашқы көмек көрсетіп, сағат 13:37-де жедел жәрдем ауруханаға алып кетті. Ары қарай сол ауруханада жансақтау бөлімінде болды. Мектеп ұжымы, ата-аналар қауымы ата-анасына қайғырып, көңіл айтамыз.
Қазір қылмыстық іс қозғалып, қайғылы оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

