Елімізде әлеуметтік желілерді бақылау күшеймек. Енді 16 жасқа толмаған балаларға желіде парақша ашуға тыйым салынуы мүмкін. Ал 5 мыңнан астам жазылушысы бар аноним аккаунт арнайы тіркеуден өтуге міндеттелмек. Тіпті жұртты тез байытуды уәде ететін онлайн-курс авторлары мен эзотерикалық қызмет ұсынатындар да назардан тыс қалмайды. Құрылтай депутаттары тиісті заң жобасын бірінші оқылымда талқылады. Жаңа талаптар қалай жүзеге асады? Интернет қолданушыларын қандай өзгерістер күтіп тұр?
Елімізде 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне тыйым салынуы мүмкін. Нақтырақ айтқанда, кәмелетке толмағандар TikTok, Instagram сияқты желі мен YouTube секілді онлайн платформалардан аккаунт аша алмайды. Тек мессенджерді ғана пайдалана алады. Министр мұндай қадамды балаларды зиянды контенттен қорғау қажеттігімен түсіндірді.

АРМАН ҚЫРЫҚБАЕВ, МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРІ:
— Бүгінде балалардың платформалардағы ақпаратқа, оның ішінде зиянды және деструктивті контентке қол жеткізу іс жүзінде шектелмеген. Осыған байланысты он алты жасқа толмаған балалардың платформаларда тіркелуіне тыйым салу ұсынылады. Платформа иелері мен олардың өкілдіктері пайдаланушылардың жасын тексеру шараларын қабылдауға міндетті болады. Бұл ретте тыйым тұлғааралық қарым-қатынас жасауға, ата-аналармен және мұғалімдермен байланыс орнатуға арналған мессенджерлерге қолданылмайды.

Бірақ депутаттар бұл талаптың қалай орындалатынына күмәнмен қарайды. Себебі балалар көп жағдайда ата-анасының атына тіркелген SIM-картаны пайдаланады.

ИЛЬЯ ТЕРЕНЧЕНКО, ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТЫ:
— Қазір балалардың телефон нөмірлері ересектердің атына тіркелген. Сондықтан байланыс операторлары да, әлеуметтік желілер де экранның ар жағында жасөспірім отырғанын білмейді. Біз бұған дейін балаларға арналған арнайы SIM-карта енгізуді ұсынғанбыз. Бұл қызмет әрі ата-аналар үшін тегін болуы тиіс. Мәселен, мұндай SIM-карта тіркелгенде интернеттегі зиянды және заңсыз ақпаратты бұғаттау, ата-ананың бақылауы және баланың жеке деректерін жарияламай, жасын тексеру қызметтері автоматты түрде қосылуы керек.

Жауапты минстрлік мұның да амалын тапқан сыңайлы. Енді ата-аналар өз атына тіркелген SIM-картаны баласы қолданатынын eGov арқылы белгілей алады. Осыдан кейін байланыс операторлары интернетке шектеу қояды.

РОСТИСЛАВ КОНЯШКИН, ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ ДАМУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
— Әлеуметтік желілер жеке деректерді білмей-ақ, қолданушының жасын анықтай алады. Смартфонның өзін балаларға арналған құрылғы ретінде тіркеу мәселесін қарастырамыз. Себебі жасөспірімдер VPN арқылы кез келген шектеуді айналып өтуі мүмкін. Осы мәселелерді назарға аламыз.

Биыл әлеуметтік желіде 128 мыңнан астам заңсыз материал анықталған. Соның 30 пайызы әлі өшірілмеген. Енді онлайн-платформалар Қазақстанда өкілдік ашуға міндеттелмек. Ал заңсыз ақпаратты жою талабын орындамағандар әкімшілік жауапқа тартылады. Сондай-ақ 5 мыңнан астам жазылушысы бар аноним аккаунттар мен қауымдастықтар да кім екенін ашық көрсетуге міндеттелуі мүмкін. Ал интернет арқылы курс сатып, сабақ өткізетіндер біліктілігін құжатпен дәлелдеуі тиіс. Әзірге мұның бәрі – ұсыныс. Заң жобасы Құрылтайдың бірінші оқылымында мақұлданды.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

Бөлісу: