Келесі бейнесюжет джип көлігімен видеооператорды әдейі соғып кете жаздап, түсірілімде жүрген «Жетінші арна» тілшілеріне тап берген астаналық кәсіпкердің әрекеті жайлы. Оны көпшілік өте жақсы таниды. Өйткені, самса-бәліш, пицца пісіріп Астананың 300 дүкеніне тарататын компания жайлы ол өзі әлеуметтік желіге жиі жариялайды. Бірақ жарнамасы жер жарған самсахананың санитарлық жағдайын жұртшылық сол жерден көріп жағасын ұстаған. Біздің тілшілеріміз де қоғамдық тамақтану орны жайлы білмек болып бірі микрофонынан, бірі телефонынан айрылып қайтты.
Бұл – өз жұмысын сабырмен атқарып, оқиғаны таспаға жазып тұрған «Жетінші арна» тілшісі Лейла Әуесова. Алайда бейбіт түсірілімнің соңы күтпеген жанжалға ұласты. Баса-көктей келген кәсіпкер әйел тілшінің қолындағы микрофонды жұлып алуға әрекеттенді. Әріптесіме араша түсуге мен де мәжбүр болдым. Екеулеп жүріп те микрофонды оның қолынан босатып ала алмадық. Кәсіпкер әйел ашуға булығып, ешкімді тыңдамай түсірілімді күшпен тоқтатпақшы болды. Біз бұл кәсіпкермен бұған дейін-ақ байланысып, сұхбат беруді ұсынғанбыз. Ол бас тартты. Соған қарамастан, самсаханасындағы алаңдатарлық жағдайды көзбен көріп, мәселенің мән-жайын анықтамақ едік. Бұған кәсіпкер өзі түсірген мынадай видеороликтер де себеп.

Енді оның самса цехындағы мына жағдайға назар аударыңыздар. Цехта кәсіпкердің өзі жалаңбас, жарнама жасап бейнетаспаға түсіріп тұр. Шелектегі кетчупты жазылған қамырға жалаң қолымен езгілеп жағып жатқан аспаздар да жайбарақат әдеттегідей пицца жасап жатыр. Енді осыны көрген жұрт пікірін қараңыз.

Міне, осындай жағдайлардан кейін самсахана жайына кез келген журналисттің үңілуі заңды емес пе? Кәсіби жұмысымызға кедергі келтіргені сонша, әлгі кәсіпкер «Сені таныстарым тауып алады» деп қорқытып та үлгерді. Амалсыздан болып жатқан жайтты телефоныма түсіріп тұр едім, тартып алып, жұлыса кетті.

Алайда біз оның самсаханасына кірмей, ол жерден 200 метр қашықтықта тұрдық. Әсіресе кәсіпкер әйелдің камерамен тұрған видеооператорымызды патрульдік полицейлердің көзінше джип көлігімен соғып кетпекші болып, қасақана оқталғаны жағамызды ұстатты. Ай-ғай шумен әрең тоқтаттық.

Бар жағдайды көрсетіп жарнамадан жаңылғаны аздай, самсаханасы маңында мұншалықты шу шығарып, дүрліккен кәсіпкермен енді сотта кездесетін болдық. Біз түсірілімге дейін Астана қалалық санитарлық эпидемиологиялық бақылау департаментіне сауал жолдап, оған тұщымды жауап ала алмаған едік. Ал бүгін санитарлық қызметтен «Аталған самсахананы жоспардан тыс тексереміз» деген жауап келді. Бұл біздің ғана емес, әлеуметтік желі арқылы самсахананың санитарлық жағдайын көріп, алаңдаған көпшіліктің тілегі болатын.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

Бөлісу: