Ақтөбе тұрғындары жиһаз жасаймыз деп уәде беріп, ақшасын алған компанияның әрекетіне шағымданып отыр. Тапсырысты уақытында орындауға тиіс кәсіпкер ақшаны алған соң байланысқа шығуды тоқтатқан. Салдарынан жұрт жиһазсыз да, ақшасыз да қалған. Полиция мәліметінше, қазірдің өзінде 20-дан астам адам жәбірленуші деп танылды.
Жаңа жиһазға тапсырыс беріп, ақшасын төлеген. Бірақ бірнеше ай өтсе де, мүлік жоқ. Ақтөбеде ондаған тұрғын әлеуметтік желідегі жарнамаға сеніп, алданып қалғандарын айтып шағымданды. Олардың әрқайсысы келісімшарт бойынша тапсырыс құнының кемінде 70 пайызын алдын ала аударған. Алайда уәде етілген мерзімде жиһаз дайын болмаған. Ұзақ күткен тұрғындар енді ақшасын да, тапсырысын да қайтара алмай жүр.
Тұрғындардың әрқайсысы жиһаз жасатуға кемінде миллион теңгеден төлегенін айтады. Кейбірі одан да көп қаражат аударған. Алдын ала есеп бойынша, келтірілген шығын 40 миллион теңгеден асады. Ақшасын қайтару үшін тұрғындар полицияға жүгінген. Алайда тергеудің созылып кете ме деп алаңдайды.
ЕРМЕК КӨШЕНОВ – АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
— Азаматтық сотқа жүгініп, арыз жаздық. Басында 5 адам болып жаздық, қазір 16-17 адам болдық. Күннен-күнге адам көбейіп жатыр, бірақ бірде-бір адамды тергеуге шақырып жатқан жоқ. Күнде ертеңмен тойдырады. 190-бап, 3-бөлігімен ашылды, міне, «жәбірленуші» деген қаулым бар. Енді Бас прокуратураға Е-Өтінішпен арыз жазайын деп жатырмыз.
Полиция жиһаз жасаймын деп ақша жинап, тапсырысты орындамайтындардың көбейгенін айтады.
ЕРБОЛАТ САРҚҰЛОВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСШЫСЫ:
— Алаяқтық факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде күдіктінің жеке басы анықталып, ол полиция бөліміне жеткізілді. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажет тергеу әрекеттері жүргізілуде. Аталған қылмыстық іс бойынша шамамен 20 адам жәбірленуші деп танылды.
Заңгерлер жиһазға тапсырыс бермес бұрын компанияның сенімділігіне көз жеткізуге кеңес береді. Әлеуметтік желідегі жарнама мен жұрттың мақтауына ғана сүйенуге болмайды. Келісімшартқа қол қоймас бұрын өндіріс орнының бар-жоғын, компанияның жұмысын және тапсырысты орындауға мүмкіндігі жетер-жетпесін тексерген жөн. Сондай-ақ жиһаз дайын болмай тұрып, ақшаның көп бөлігін аударуға асықпаған дұрыс.
АЛЁНА ДУЛЯ, ЗАҢ КЕҢЕСШІСІ:
— Келісімшарт жасамас бұрын тұтынушы қызмет туралы өзіне қажетті барлық ақпаратты талап етуге құқылы. Бұл оған келісімшартқа отыру немесе одан бас тарту жөнінде дұрыс шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Сондықтан мұндай жайттарды алдын ала анықтап алған жөн. Егер компанияның өндіріс орны жоқ екеніне немесе қажетті материалдарды сатып алмайтынына күмән туындаса, келісімшарт жасасудан бас тартқан дұрыс.
Қазір полиция екі күдіктіге қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр. Тергеу аяқталған соң іс материалдары сотқа жолданады.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

