Өскемендіктер қаланың ауасы қаншалықты ластанғанын онлайн бақылай алады. Шаһардағы 25 экологиялық бекеттің мәліметі көпшілікке қолжетімді болды. Олар ауадағы шаң-тозаңның бірнеше түрі мен көміртек тотығы, азот диоксиді, озон және күкіртсутектің мөлшерін өлшейді. Ақпараттық қосымшаны жасау үшін облыс әкімдігі жарты миллиард теңге жұмсаған. Эколог Дәулет Асанов ауаға қатысты деректерді ашық жариялау мәселесін бірнеше жылдан бері көтеріп келеді. Тіпті қолайсыз метеорологиялық жағдай туралы ақпаратты дер кезінде беруді талап етіп, прокуратураға дейін шағымданған. Ал биыл қоғам белсенділерінің бастамасымен өндіріс орындарына 120-дан астам экологиялық тексеру жүргізілген. Ластаушы кәсіпорындардан 230 миллион теңгеден астам айыппұл өндірілген.
ДӘУЛЕТ АСАНОВ, ЭКОЛОГ:
— Мен табиғатты қорғау прокуратурасына және облыс әкімдігіне ресми шағым жаздым. Цифрландыру басқармасына қарайтын ұйым Экологиялық кодекс талаптарын бұзып, деректерді бермей отырғанын айттым. Содан кейін арада он күндей уақыт өткенде жүйенің іске қосылғаны туралы баспасөз хабарламасы шықты. Енді олар мәліметті «Қазгидромет» сайты арқылы таратып отыр.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

Бөлісу: