Еліміздегі ауасы ең лас қаланың көшін Қарағанды бастап тұр. Өңірге газ тартылғанына қарамастан, экологиялық жағдай әлі де мәз емес. Мамандар атмосфераны тұрақты тексеріп, шаң-тозаң, күйе мен өзге де зиянды қалдықтардың мөлшері шектен асып кеткенін жиі анықтайды. Тәуелсіз мамандар орнатқан 12 датчик енді ауаның сапасын үздіксіз бақылап отыр. Тұрғындар тәуліктің кез келген уақытында қай ауданда ауа қаншалықты ластанғанын онлайн көре алады.
Қарағандыны көк түтін басса, оған жұрттың еті үйренгендей. Тіпті екі жыл бұрын шаһар әлемдегі ауасы ең лас үш қаланың қатарына кірген. Мұны ауаның сапасын бақылап, халықаралық рейтинг жасайтын швейцариялық IQAir технологиялық компаниясы анықтаған. Әсіресе күздің соңы мен қыста жағдай ушығады.
Биыл тоғыз айда облыста ауаға тараған зиянды қалдық көлемі 300 мың тоннаға жуықтаған. Ал қыркүйекте Қарағанды экологиялық ахуалы ең күрделі қаланың қатарына енді.

ЛАРИСА ЛЕВЧЕНКО, ОБЛЫСТЫҚ ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
— Тоғыз айда департамент мамандары 4 мыңнан астам сынама алып, 900-ден аса зерттеу жүргізді. Анықталған заң бұзушылықтар бойынша бақылау шаралары ұйымдастырылып, инспекторлық ықпал ету шаралары қабылданды.

Енді Қарағандының қай бөлігінде ауа қаншалықты ластанғанын бұрынғыдан да дәлірек білуге болады. Қалада тәуелсіз бақылау датчиктерінің желісі кеңейтіліп жатыр. Бұрын мұндай құрылғы біреу ғана болса, қазір саны 12-ге жеткен. Олар ауаның құрамын тәулік бойы, нақты уақыт режимінде өлшейді. Оның ішінде көзге көрінбейтін ұсақ шаң мен күйенің мөлшері де есепке алынады. Тұрғындар нәтижені IQAir компаниясының сайтынан немесе мобильді қосымшасынан онлайн көре алады.
ДМИТРИЙ КАЛМЫКОВ, ЭКОЛОГ:
— Бұл датчиктер ластанудың ең қауіпті түрін, яғни диаметрі небәрі 2,5 микрон болатын ұсақ шаңды өлшейді. Мұндай шаңның қауіптілігі – жерге шөкпейді, ауада қалқып жүреді. Өте ұсақ болғандықтан, ауада ұзақ сақталады. Біз сол шаңды жұтып жүрміз.

Бір ғана Қарағанды емес, тұтас өңірдің ауасы алаңдатарлық. Қаңтардан қыркүйекке дейін облыста ауаның жоғары деңгейде ластануының 230-дан астам дерегі тіркелген. Оның басты себебі де белгілі. Мұнда елдегі ең ірі өндірістік орталықтың бірі орналасқан. Әсіресе «Қармет» комбинаты мен үшінші жылу электр орталығы – атмосфераға тарайтын ұсақ шаңның негізгі көзі. Бұл халықаралық тәуелсіз зерттеуде де көрсетілген.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

Бөлісу: