Ғылымды қаржыландыру көлемі айтарлықтай ұлғайып, 590 миллион долларға жетті. Бұл туралы III Стратегиялық серіктестер форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. Осымен 3 рет өткізіліп отырған іс шараға Қазақстан мен шетелдегі 400-ден астам жоғары оқу орнының өкілдері қатысты.
Осымен үшінші жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан іс-шараның мақсаты – жоғары білім мен ғылымды дамыту, қазақстандық университеттер мен шетелдің жетекші жоғары оқу орындары арасында стратегиялық әріптестік орнату. Осы ретте Қазақстан жоғары білім мәселелерін талқылайтын халықаралық алаңға айналды десе болады. Форумға Мемлекет басшысы қатысып сөз сөйледі.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуірінде ғылым-білімнің әлем өркениетіндегі орны айрықша. Ғылым – барша адамзатқа ортақ игілік. Біз елдеріміздің жарқын болашағы мен азаматтарымыздың сапалы тұрмысын қамтамасыз ету үшін әлем қауымдастығы болып ғылым-білімдегі әр жетістігімізді саналы түрде кәдеге жаратуымыз керек.
Стратегиялық серіктестер форумының негізгі мақсат-міндеті де осы деп күмәнсіз айтуға болады.
Президенттің айтуынша, Қазақстан жоғары білімнің, ғылымның және халықаралық академиялық ынтымақтастықтың өңірлік орталығы ретіндегі позициясын дәйекті түрде нығайтуды көздейді. «Біздің стратегиялық мақсатымыз – елімізді Орталық Азиядағы академиялық хабқа айналдыру, жаһандық білім нарығының, әсіресе, өзекті әрі сапалы білім нарығының бір бөлігі болу», — дейді Президент.Еліміздегі жоғары оқу орындары да осы мақсатты ұстанған.
Елімізде ғылымды қаржыландыру көлемі айтарлықтай ұлғайып, 590 миллион долларға жеткен. Бүгінде Қазақстанда 132 университет бар. Онда 800 мыңнан астам студент білім алады.Президенттің айтуынша, соңғы жеті жылда Үкімет білім беру гранттарына бөлген қаржының көлемі екі есе көбейіп, 3,4 миллиард долларға жетті. Бүгінгі форумда Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне ұлттық мәртебе берілетін болды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Мен халқымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне ұлттық мәртебе беру туралы шешім қабылдадым. Әуезов университеті – аймақтағы ең ірі жоғары оқу орны. Шаһардағы әрбір бесінші студент осы университетте оқиды. Ұлттық мәртебе білім ордасымен қатар, құзырлы министрлікке де зор жауапкершілік жүктейді.
АЙЗАТ ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
— Форум бағдарламасындағы маңызды шаралардың бірі қазақстандық және шетелдік жоғары оқу орындары мен ұйымдар арасындағы ынтымақтастық туралы құжаттарға қол қою және олармен алмасу рәсімі болды. Келісімдер қос дипломды бағдарламаларды дамыту және бірлескен білім беру бастамаларын жүзеге асыруды қамтиды.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

