АҚШ, Ресей және Қытай көшбасшысы тарихта алғаш рет үшжақты кездесу өткізді. Қытайдағы Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы саммитінде ядролық соғысқа жол бермеуге және қарудың таралуын тежеу бойынша диалог жүргізуге уағдаласты. Дональд Трамп бұл жүздесуді «тарихи оқиға» деп атап, ядролық арсеналды қысқартуға бірегей мүмкіндік туғанын айтты. Си Цзиньпин ядролық қаруды толық жоюға шақырса, Владимир Путин аймақтық қақтығыстарды, соның ішінде Украинадағы соғысты реттеуде үш елдің ортақ мүдделері барын жеткізді. Сондай-ақ көшбасшылар Халықаралық қылмыстық соттың өз өкілеттігін асыра пайдаланбауы тиіс екенін мәлімдеп, БҰҰ-ны реформалау қажеттігін көтерді.

Айта кетейік, Қауіпсіздік Кеңесіндегі вето құқығына ие бес держава 31 желтоқсанда өкілеттігі аяқталатын Антониу Гутерриштің орнына келетін жаңа бас хатшыға қатысты сегіз раундтан кейін де ортақ мәмілеге келе алмай отыр. Сарапшылардың пікірінше, бір жарым сағаттық жүздесуде жаңа әлемдік тәртіп орнату мүмкін емес, бұл үлкен келіссөздердің басы ғана. Дегенмен алпауыт елдердің өзара мәмілеге келуге ниетті екені – Қазақстан үшін де жағымды белгі. Үш державаның текетіреске бармауы аймақтағы тұрақтылыққа оң әсер етеді.

ТАИР НЫҒМАНОВ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАР ЖӨНІНДЕГІ САРАПШЫ:
– Трамптың екінші президенттік мерзімінің ортасына таяп қалды. Алдағы екі жылда АҚШ, Қытай және Ресей ортақ келісімге келген күннің өзінде, келесі президент оны сақтайтынына кепілдік жоқ. Әсіресе билікке демократтар келсе, олар Трамптың барлық шешімін жоққа шығарып, бәрін керісінше жасауы мүмкін. Демек, жаңа әлемдік тәртіп орнаса да, АҚШ-тағы билік ауысқан соң оның бұзылу қаупі бар. Ал бұл үштіктің ішінде ең тұрақтысы – Қытай. 10–20 жылдан кейін басшылық ауысса да, Бейжің өз бағытынан айнымайды деп ойлаймын.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

Бөлісу: