Бір маусым бойы күткен өнімнен пайда көрмек түгілі, шығынын да жаба алмай отырған шаруалар бар. Түркістан облысында диқандар қияр мен қызанақ өсіруден бас тартып, жылыжайларын жаппай бұзып жатыр. Өйткені отандық өнімді өсіруге кеткен шығынды ақтау мүмкін болмай қалған. Арзан импортпен бәсекеге төтеп бере алмаған шаруалар енді кәсібін мүлде тоқтатуға мәжбүр.
Сарыағаш ауданының шаруалары шығынға баттық деп шырылдап отыр. Өңірдегі жылыжайлар жаппай жабылып жатыр. Иелері қысты күтпей, қазіргі шығынмен тоқтауды шешкен. «Өйткені елге сырттан келетін арзан тауар нарықты жаулап алды», — дейді.
Жылыжайда өнім өндіру үшін диқандар газ, жарық, көмір, жұмысшылардың еңбек ақысына, көшет пен тыңайтқышқа шығындалуы керек. Мұның бәрін есептегенде, тауар қияр мен қызанақ бағасы шамамен 700-800 теңгеге шығады. Ал импортталған өнім бағасы 300-350 теңгеден саудаланады. Салдарынан жергілікті өнім өтпей отыр.
ГҮЛДАНА СЕЙДРАСУЛ, ТІЛШІ:
— Жылыжайдағы қияр негізі ақпан айына дейін өнім беруі керек еді. Алайда шаруалар қараша аяқталмай жатып, көшеттерді жұлуға мәжбүр. Себебі жылыжайды күтіп ұстауға кететін шығын шаш етектен. Енді биыл өнім беруі тиіс болған қиярлар пісіп-жетілмей жатып жиналып жатыр.
Жылыжайлардың жабылуы тек шаруаларға ғана емес, жұмысшы жұртқа да ауыр тиіп отыр. Себебі аудан халқының біразы осындай маусымдық жұмыс істеп күнелтеді.
ВЕНЕРА ШЫНАЛИЕВА, ЖҰМЫСШЫ:
— Жылыжайдың барлығы жабылып жатыр, міне, соңғы күнгі жұмысымызды жасап жатырмыз. Қияр тереміз, өтпейді, диқандардың жұмысы жүрмей қойды, ал ол кісілер жұмысын тоқтатса, бізге жұмыс жоқ. Қарапайым халықтың бәрі ауылда жұмыс жоқ болған соң, жылыжаймен күн көреді. Тоқтаса, қайда барарымызды білмейміз.
«Бұл мәселенің туындағанына үш жылдан асты», — дейді шаруалар. Бүгінде ауданда қызанақ өсірумен айналысатындар саусақпен санарлық. Қазақстан фермерлік жылыжайлар одағының төрағасы Данияр Қалтаевтың айтуынша, Сарыағаш ауданының өзінде екі мыңға жуық шаруа бар. Қазір оның 90 пайыздан астамы зардап шегуде.
ДАНИЯР ҚАЛТАЕВ, ФЕРМЕРЛІК ЖЫЛЫЖАЙ ОДАҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
— Біз бұл мәселені көтеріп Астанаға да бардық. Ауыл шаруашылығы министрлігіне айттық. «Біз бұл мәселені қараймыз, алдағы уақытта шешеміз», — деген бос уәдемен қалып жатыр. Біз өндіретін тауарларға БАЖ салығын көбейту керек. Бізді қорғау керек. Біз шығарған өнімімізді құнынан төмен сататын болсақ, банкрот боламыз. Сырттан келетін өнімдерді біздің бағамен теңестіру керек, сол кезде әділ сауда, әділ бәсекелестік болады.
Ал облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сарыағаш ауданындағы агроқұрылымдарға 1,9 миллиард теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетілгенін айтты. Сөзінше, жылыжай иелерімен кездесіп, жағдайға талдау жүргізген. «Ал қазіргі нарықтағы бағаны жақсы деп айтуға болады», — дейді басқарма басшысы.
ӘЛІБЕК ПЛАЛОВ, АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
— Қазіргі таңда қаңтар мен қазан айының арасында көрші мемлекеттерден – Иран Ислам Республикасынан, Өзбекстан Респбуликасынан жалпы 2000 тоннадан астам қияр дақылдары импортталған. Бүгінгі күнге қиярдың нарықтағы бағасы 850-900 теңгені құрайды. Біз анализ жасап шыққан болатынбыз, жылыжай иелерімен де сөйлестік. Бүгінгі күнге 1 кг қиярдың өзіндік құны 350-370 теңгені құрайды. Ал сауда бағасы 850-900 теңгені құрап отыр.
Жылыжай иелері тығырықтан шығу үшін сырттан келетін арзан өнімдерге шектеу қоюды немесе оларға салынатын салықты арттырып, бағаны отандық өнім құнына сәйкестендіруді сұрайды. Әйтпесе өңірдегі жылыжай қалмайды деп алаңдайды. Ал әзірге билік тарапынан нақты шешім қабылданған жоқ.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

