Семейдегі Жоламан кентінің тұрғындары жол азабын тартып отыр. Көшелердің батпаққа айналғаны сонша, оқушылар мектепке жету үшін саз кешуге мәжбүр. Тіпті лай жолмен көлік түгілі, жаяу жүрудің өзі мұң. Мәселені талай көтергенімен, нәтиже көрмеген жұрттың ашуы шегіне жеткен.
Жоламанның көшелеріндегі жағдай осындай. Жаңбыр жауса болды, айнала ми батпаққа айналады. Тұрғындар аяқтарына пакет киіп жүруге мәжбүр. Өйткені бұл көшелермен жаяу жүру де, көлікпен қатынау да қиын. Қаланы таксилер де айналып өтіп жүр.
ҚАРЛЫҒАШ ДЕМЕСІНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Көшенің бәрі лай. Машина да келмейді. Такси шақырсақ, жүргізуші трассада күтіп тұрады. Біз сол жерге дейін жаяу барамыз.
Жолдың жоқтығынан, ең алдымен, балалар зардап шегіп отыр. Мектеп жақын болғанымен, оған жетудің өзі оңай емес. Ата-аналар сабақтан қайтқан балаларын резеңке етікпен алдынан күтіп алады.
ӘДІЛХАН ҚАРАНБЕКОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Балалар мектептен қайтқанда алдынан күтіп аламыз. Резеңке етік алып барамыз. Үйге келген соң киімдерін шешіндіріп, тазалаймыз. Талай рет құлап, аяқтарын сулап келген кездері болды. Көшеде жарық та жоқ. Ең болмаса, шамдар орнатса екен.
Тұрғындар жол мен көше жарығы мәселесін талай жылдан бері көтеріп келеді. Бірақ әзірге өзгеріс жоқ. Құр уәдеден шаршаған жұрт бұл жолы наразылығын ашық білдірді. Өздерін сабырға шақырған шенеуніктерді батпақ кештіріп, көшенің шынайы жағдайын көрсетті.
ӘСЕТ БАЙМҰРЗАЕВ, СЕМЕЙ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Бүгінгі жағдай бойынша қала әкімінің тапсырмасы бар. Қазір су жиналып, батпаққа айналған, оқушылардың мектепке баруына қиындық туғызып отырған аумақтарды тазалау жұмыстары жүргізіледі. Жылдың аяқталып қалғанын ескерсек те, алдағы уақытта мұндай көшелерді жоспарлы түрде ретке келтіру көзделген.
Жауаптылардың айтуынша, қаланың шеткі көшелерін жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Қазір Семейде мыңнан астам көше бар. Алайда соның тек жартысына ғана асфальт төселген. Демек, Жоламан тұрғындары секілді жаңбыр жауса, батпаққа батып, жол азабын тартатын жұрт аз емес.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

