Елордада Олжас Абай мен Дариға Бадықова продюсерлік еткен «Соңыра» фильмінің тұсауы кесілді. Туындыда өрт сөндірушілердің ерлігімен қатар, олардың отбасындағы қиындықтары мен ішкі жан арпалысы да көрсетілген. Ал шынайы өрт көріністерін түсіру үшін қанша қаражат жұмсалды? Түсірілім кезінде актерлер қандай қауіпке тап болды?
Елордада «Соңыра» фильмінің алғашқы көрсетілімі ерекше форматта өтті. Күн сайын тәуекелге барып, от пен суда тайынбайтын құтқарушылар бұл жолы өрт сөндіруге емес, өздерін үлкен экраннан тамашалауға келді.
Бір сәтте лап еткен жалын. Өмір мен өлім арасындағы арпалыс. Қысылтаяң тұста қиналғанға қол ұшын беретін кісілердің де ішкі жан дүниесінде алапат өрт бар. «Соңыра» – тек өрт сөндірушілердің ерлігі жайында ғана емес, әр отбасының өз мұңы, әр адамның ішкі жанайқайын баяндайтын туынды.
ДАРИҒА БАДЫҚОВА, «СОҢЫРА» ФИЛЬМІНІҢ ПРОДЮСЕРІ:
— Бәріміздің ішімізде өрт бар. Сіз, біз – бәріміз қорғаушымыз. Сіз микрофон ұстап тұрсаңыз, мен халыққа кино көрсетем. Сіздің, менің ішімде алапат өрт бар. Іші өртенген, жақынына барынша көмектескісі келген, бірақ не істерін білмеген, өзіне көмек таппаған адамдар жайлы кино.
Экрандағы алапат өрт компьютерлік графика емес. Шынайы көрініс үшін білікті мамандардан құралған түсірілім тобы 4 үйді өртеп, екі көлікті жарып жіберген. Тек осының өзіне 45 миллион теңге жұмсалған. Ал фильмнің жалпы бюджеті – 250 миллион теңге. Түсірілім кезінде актерлердің өміріне де қауіп төнген.
ДАРХАН КӘРІПОВ, «СОҢЫРА» ФИЛЬМІНІҢ РЕЖИССЕРІ:
— Бұл киноны түсіру барысында шынайы өрт сөндірушілер жанымызда болды. Себебі шын үйді, машинаны өртедік. «Стоп» деген кезде шынымен өртті өшіру керек болды. Өрттің жанында жүргеннен кейін онсыз болмайды. 1 актер күйіп кете жаздады. Өрттің ішінде қалып қалған кез болды.
6 ай бойы жазылған сценарий Өскеменде бір айда таспаға түсірілген. Фильмде өрт сөндіруші әйелдердің тағдырына ерекше мән берілген. Өйткені олар қызметте – құтқарушы, үйде – ана, жар, отбасының тірегі. Біреудің өмірін құтқаруға асыққан азаматтар кейде өз жақындарына көңіл бөлуге уақыт таппайды. Туынды авторлары көрерменге мына ойды жеткізгісі келген.
ОЛЖАС АБАЙ, АКТЕР, ИДЕЯ АВТОРЫ:
— Кедейліктің жібім үземін деп жұмысқа алысып, кірісіп жүрген адамдар отбасына, өзіне көңіл бөлмей кетеді. Өзіне келгенде кейінге қалдыратыны, жақсы көріп тұрса да содан кейін деп айтатыны, содан кейін сыйлаймын дейтіні. Сол себепті ештеңені соңына қалдырмасын, осы сәтті бағаласын деген ниетпен осы киноны шығарып отырмыз.
Фильмде кәсіби актерлермен қатар Өскемен қаласының нағыз құтқарушылары да ойнайды. Олар үшін қызыл жалынды ауыздықтау таңсық емес, бірақ камера алдында белгілі бір рөлді сомдау оңайға соқпапты.
ДОСЫМЖАН КӨШЕРХАНОВ, ӨРТ СӨНДІРУШІ:
— Оңай болған жоқ. Күннің ыстығында қалың киіммен өрт сөндіру, оның үстіне әрі-бері жүгіріп, бір кадрды қайта-қайта түсіреміз.
Төтенше жағдайлар министрі өрт сөндірушілердің көзге көрінбейтін өмірін экранға шығарған шығармашылық топқа алғыс айтты. «Соңыра» драмалық фильмі бүгіннен бастап үлкен экранға жол тартты.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

