Түркістан облысында 9-сынып оқушысы 20 жастағы жігітті өлтіріп, денесін өртеп жіберген. Қанды оқиға Леңгір қаласында болған. Қараусыз қалған ғимараттан ер адамның мәйіті табылып, күдікті ретінде жасөспірім қамалған еді. Бүгін сот үкім кесті.
ГҮЛДАНА СЕЙДРАСУЛ, ТІЛШІ:
— 9-сынып оқушысы 20 жастағы жігітті өлтіріп, денесін өртеп жібергені үшін сегіз жылға сотталды. Тергеу дерегіне сәйкес, қыз бала қылмысты алдын ала жоспарлап, бір күн бұрын пышақ сатып алған. Кейін жігітті кездесуге шақырып, 5-6 рет пышақ жарақатын салып, кейін өртеп жіберген. Сараптамаға сәйкес жәбірленушінің денесінің 30 пайызы өртеніп кеткен.

ДӘУРЕН МАДАЛИЕВ, ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ АУДАНАРАЛЫҚ СОТ ТӨРАҒАСЫ:
— Бір күн бұрын сатып алған пышақпен жәбірленушінің кеуде тұсынан бірнеше рет соққы жасап, сол жерде қалдырып кеткен. Жәбірленуші қайтыс болғанына көз жеткеннен кейін дүкеннен сіріңке, жанатын сұйық материалдарды алып, оқиға болған жерге қайтадан барып, жәбірленушінің денесін өртеп жіберген.

ГҮЛДАНА СЕЙДРАСУЛ, ТІЛШІ:
— Сотталушы марқұм 20 жастағы жігіт өзін зорлағысы келгенін айтқан. Алайда бұл уәж сотта дәлелденбеді. Сот жасөспірімді Қылмыстық кодекстің қасақана адам өлтіру бабы бойынша кінәлі деп таныды. Оған сегіз жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жасөспірім қыз жазасын кәмелетке толмағандарға арналған орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

Бөлісу: