Жолға шықсаңыз, сақ болыңыз! Еліміздің бірқатар аймағында ауа райы күрт өзгеріп, көлік қозғалысы қиындады. Мамандардың болжамынша, алдағы үш күнде солтүстік, шығыс және орталық өңірлерде қар аралас жаңбыр жауады. Кеше кешке елордада жаңбыр жауған еді. Сәйкесінше, таң ызғарда қала ішінде көктайғақ болды.
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Астанада көктайғақтың әлегі басталды. Түнде қар аралас жаңбыр жауып, бір мезетте жол көк мұзға айналды. Көшеде жүрудің өзі мұң болды. Бүгін өзім де жұмысқа келе жатып бірнеше рет тайып құлай жаздадым. Сондықтан қазір жаяу жүргінші мен көлік жүргізушісі де барынша абай болған жөн. Себебі алдағы үш күнде де елордада ауа райы құбылмалы болады. Қар аралас жаңбыр жауып, тұман түседі. Түнде жол беті мұз болып қатуы мүмкін. Сондықтан мамандар жүргізушілерге жылдамдықты төмендетіп, жолдағы арақашықтықты сақтауды ескертеді. Өйткені көктайғақтан бөлек, жолды қалың тұман басуы мүмкін. Жалпы, мұндай жағдай тек Астанада емес. Ақмола, Қарағанды, Ұлытау және Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Шығыс Қазақстан облысында да болады.
АЙЖАН ЖАНДОСОВА, «ҚАЗГИДРОМЕТ» РМК ЖЕТЕКШІ ИНЖЕНЕР-СИНОПТИГІ:
— Тұрақсыз ауа райы күтіледі. Жауын-шашын көбіне қар-жаңбыр түрінде жауады. Солтүстік бөліктерде көктайғақ күтіледі. Температуралық фонда айтарлықтай өзгерістер болмайды. Тек республикамыздың шығысында жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Республика бойынша жел күшейіп, тұман күтіледі.
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Синоптиктердің болжамынша, Оңтүстік өңірлерде де күн райы қолайсыз болады. Түркістан облысында жаңбыр жаууы ықтимал. Ал Жетісу, Маңғытау, Жамбыл және Абай облыстарында да қатты жел күтіледі. «ҚазАвтоЖол» мамандары алыс сапарға шығатын жүргізушілерге көліктің қысқы маусымға дайындығын тексеруді тағы бір мәрте ескертеді. Әсіресе тұман мен көктайғақ кезінде жылдамдықты асырмаған жөн. Өйткені жолдағы асығыстықтың соңы қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

