Атышулы самсахана уақытша жабылды. Санитар дәрігерлер елордадағы 300 дүкенге бірнеше жылдан бері самса-бәліш, пицца таратып келген цехты жоспарсыз тексеріп, біраз заңбұзушылықты анықтады.
«Жетінші арнаның» түсіріліміне кедергі жасап, тілшіміздің қолындағы микрофонын жұлып алған астаналық кәсіпкердің әрекетін бұған дейін жаңалықтарымызда көрсеткен болатынбыз. Әлеуметтік желіде жар салып, жұмысын жарнамалаған әйелдің арна тілшілеріне тап бергені бекер емес екен. Екінші тілшінің ұялы телефонын тартып алып, бейнежазбаны өшіруді талап еткені тегін болмады. Қоқан-лоқы мұнымен бітпеген еді. Телеоператорымызды көлігімен соқпақ болып, сол жерге шақыртылған патрульдік полиция қызметкерлері әрең тоқтатқан.
Адам ұшынатын жағдайда тағам әзірлеген кәсіп иесінің рұқсаты болмай шықты. Тіпті мұндай тағам әзірлейтін цехтың бар-жоғын құзырлы органдар білмеген. Жұртқа дәмді тағам деп ұсынып, санитарлық талапқа сай емес жағдайда «жалаң қолдарымен» пицца пісіріп жүрген аспаздары медициналық тексерістен өтпегені анықталды. Біздің редакция қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына екі рет сұрау салған болатын. Бүгін жоспардан тыс тексеру қорытындысы қолымызға тиді. Ондағы хабарламада самсахананың жұмысы уақытша тоқтатылып, кәсіпкерге айыппұл салынғаны жазылған. Бірақ айыппұлдың көлемі айтылмаған. Біздің есебімізше, ол шамамен 130 мың теңге болуы мүмкін.
САРАЙШЫҚ АУДАНЫ СЭБ БАСҚАРМАСЫ:
«Тексеру қорытындысы бойынша жеке кәсіпкерге қатысты жедел шара қабылданды. Атап айтқанда, қызметтің басталғаны туралы хабарламаның болмауына байланысты нысанның жұмысына тыйым салынды. Сондай-ақ міндетті медициналық тексеруден өтпеген қызметкерлер уақытша жұмыстан шеттетілді. Бұдан бөлек, анықталған заңбұзушылықтар үшін кәсіпкер ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 425-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды. Сондай-ақ анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді».
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

