Бірі үйінің қабырғасын темірмен тіреп қойса, енді бірі төбемізге топырақ құлай ма деп қорқады. Шымкенттегі Сәуле шағын ауданының тұрғындары: «Қонаев даңғылының жалғасы салына бастағалы берекеміз қашты», — дейді. Ондағы жұрттың айутынша, ауыр техниканың дірілінен үйлер жарылып, кейбірінің ауласы мен қосымша құрылыстары қираған. Енді жұрт шығынымызды кім өтейді деп бас қатырып отыр.
Қонаев даңғылының жалғасы салына бастағалы тұрғындардың тыныштығы қашты. Сәуле шағын ауданындағы кей үйлердің қабырғасы жарылып, іргетасы бүлінген. Тұрғындар мұндай жағдайда үйде алаңсыз отырудың өзі мұңға айналғанын айтады. Екінші топ мүгедегі Айжан Алтынбекова: «Ұйқыға жатсақ, үстімізге топырақ төгіледі», — дейді.
Тұрғындар бұл мәселені біраздан бері көтеріп келеді. Мердігерге де, әкімдікке де талай рет барған. Алайда мәселені шешудің орнына, өзімізді кінәлі етіп шығарды, дейді. Бірінің қорасы, енді бірінің үйге жапсарлас салынған құрылысы құлаған. Қазір жұрт баспанасын аман алып қалу үшін қабырғаларын темір тіреуіштермен бекітіп, қолдан келгенше сақтануға мәжбүр.
Ұлбосын Ташимоваға баспананы халық қайырымдылықпен сыйлаған. Алайда көп ұзамай жаңа үйдің де қабырғасы жарылып, терезелері шытынай бастаған. Тұрғын өз шығынын дәлелдеу үшін тәуелсіз сараптама жасатқан. Мамандар жолға ең жақын үйдегі залалды шамамен 7 миллион теңгеге бағалады. Алайда мердігер бұл сараптаманы мойындамай, өздері мемлекеттік сарапшыларды жіберетінін айтыпты.
Ал әкімдіктегілер Қонаев даңғылының 5-ші және 6-шы кезең құрылысы мемлекеттік сараптамадан өткен және құрылыс талаптарына сай жүргізіліп отырғанын айтады.
БАҒДАТ ОРЫНБАЙ, АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:
— Бұл үйлер – қызыл сызықтың сыртында жатқан үйлер. Мемлекет мұқтаждығына қайтару жұмыстары жүргізілмейді. Өтемақы төлеу жұмыстары мемлекет тарапынан біздің мойнымызға алуымызбен жүргізілмейді. Оны тек сот арқылы өндіруге болады. Осы тұрғын үйлерге келген залал жол құрылысы жұмыстарынан болғанын нақтылайтын сараптама қорытындысы болуы керек. Құрылыс жұмыстары барлығы мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысына сәйкес алынған техникалармен жасалды, үлкен техника келген жоқ. Барлығы құрылыс талаптарына сай атқарылған.
Тұрғындар бұл жауапқа қанағаттанбайды. Әкімдік пен мердігерден нақты шешім күткен жұрт енді министрлікке шағымданбақ.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

