Алаяқтар адамның дауысын айнытпай салып, қалтаңызды қағудың жаңа тәсіліне көшкен. Елімізде қаскөйлердің арбауына түспеуді үйрететін арнайы платформа іске қосылды. CitizenSec.kz деп аталады. Жақыныңыздың дауысын жалғаннан қалай ажыратуға болады?
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Қазір алаяқтар адамның дауысын айнытпай көшіріп, жақын туысыңыздың атынан да сөйлесе алады. Ол үшін әлеуметтік желідегі қысқа видео немесе бір ғана дауыстық хабарлама жеткілікті. Ал мұндай қулыққа қалай алданбауға болады? Мен алаяқтардың айласын әшкерелеуге үйрететін отандық CitizenSec қосымшасын телефоныма жүктеп алдым. Мұнда олардың ең көп қолданатын қулықтары жинақталған.
Бұл – алаяқтың рөлін сомдайтын виртуалды кейіпкер. Мұнда сіз алдансаңыз да, ақшаңыздан айырылмайсыз. Керісінше, күмәнді қоңырауға қалай жауап беру керегін үйренесіз. Яғни осы қосымша арқылы алаяқтың сөзіне ермей, дұрыс шешім қабылдауға барынша дағдыланатын боласыз. Ең бастысы, бұл жаттығу тегін. Бағдарламаны CitizenSec.kz сайты арқылы телефоныңызға тегін жүктей аласыз.
ГҮЛДАНА ЖҰМАТАЙ, CITIZENSEC.KZ ЖОБАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
— Алаяқтар бізге эмоция арқылы, қысым көрсету, критикалық ойларға барғызбайтын түрлі сөздер айту арқылы сізді оқшаулауы мүмкін. Интерактивті тренажерде сіз бірінші кезекті шок эмоцияларды аласыз. Кейін өмірде мұндай эмоцияларды байқауға мүмкіндік аласыз. Осы тренажер арқылы алаяқтарға тойтарыс бере алатындай білім мен тәжірибе аласыз.
Алаяқтардың арбауына түспеуді үйрететін арнайы интерактивті жаттығу платформасында бір емес бірнеше кейс бар. Балаларды интернеттегі қауіптен қорғауған арналған жаттығулар да қарастырылған. Сондай-ақ зейнеткерлерге де бөлек курс дайындалуда. MSSP GLOBAL компаниясы қазір Қаржылық мониторинг агенттігі және Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, жаңа кибергигиена бағыты бойынша жаңа жобалар әзірлеп жатыр. Дропперлердің қулығын әшкерелейтін жаңа сабақтар да жүргізілмек.
ДӘУРЕН САЛИПОВ, MSSP.GLOBAL КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:
— Жаңа инвестициялық жоба деп алдап, жеңіл ақша табудың жолын көрсетеді. Сіздің хабарыңызсыз-ақ сізге шот ашып, сол шот арқылы дропперлік ақшаны шығаруы мүмкін. Осы тренажерде алаяқтардың схемаларын түсініп, оған қалай ермеу керегін үйретеміз.
Сарапшылардың сөзінше, технология дамыған сайын алаяқтардың да айласы көбейген. Бас прокуратураның мәліметінше, биыл 9 айда интернет алаяқтыққа қатысты 16 мыңға жуық қылмыс тіркелген. Келтірілген шығын 10 миллиард 300 миллион теңгеден асып кеткен.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

