Ұлттық бірыңғай тестілеудегі өзгеріске қатысты дау шықты. «Химиялық инженерия» мамандығына түскісі келетін түлектерден маза кеткен. Бір жыл бойы «Физика – Химия» пәндері бойынша дайындалған талапкерлер енді басқа пәндер жұбын таңдауға мәжбүр. Себебі «Физика – Химия» комбинациясы енді тесте болмайды. Ұлттық тестілеу орталығы мұндай шешімнің себебін түсіндірді.
11-сынып оқушысы Мансұр Бисенғали болашақта атом энергетикасы саласында жұмыс істегісі келеді. Жетінші сыныптан бастап физика мен химия пәндерін қызығып оқиды. Қалалық, облыстық, республикалық олимпиадаларда топ жарып жүр. Мансұр университетте «Химиялық инженерия» мамандығын оқимын деп таңдап қойған. ҰБТ-да «Физика – Химия» пәндер жұбынан тест тапсыруы керек. Жазда ақылы курсқа жазылып, 800 мың теңге төлеп, дайындықты бастап кеткен. Енді ҰБТ-ға санаулы ай қалғанда таңдаған пән комбинациясы тесте болмайтынын біліп отыр.

МАНСҰР БИСЕНҒАЛИ, МЕКТЕП БІТІРУШІ:
— Менің алдымда 2 таңдау тұр: физмат комбинациясын таңдау немесе биохим комбинациясын таңдау. Менің ойымша, математика да, биология да комбинациясын алғаны маған өте қиын болады. Себебі қаңтарда болатын ҰБТ-ға аз уақыт алды. Менің өтінішім – осы 2027 жылға физика-химия комбинациясын қалдыру, себебі менен басқа мыңдаған адам физика-химия комбинациясын таңдаған. Олар да химиялық инженерияға өз үлесін қосқысы келеді.

Бұл мәселе әлеуметтік желіде де қызу талқыланып жатыр. Threads желісінде жазба жариялаған талапкердің айтуынша, оқушылар ресми ақпаратқа сүйеніп, бір жыл бойы дайындалған. Енді өзгеріс туралы алдын ала емес, кездейсоқ біліп отыр.
Ұлттық тестілеу орталығы өкілдері бұл өзгеріс аяқ астынан қабылданбағанын айтады. Олардың сөзінше, бастаманы жеті жылдан бері Республикалық оқу-әдістемелік кеңес пен жұмыс беруші кәсіпорындар ұсынып келеді. Себебі осы комбинация бойынша тест тапсыра алған балалар саны аз дейді. Одан бөлек, «Химиялық инженерияға» бөлінген гранттар игерілмей қалатын болған. Сондықтан енді «Химия – Физика» комбинациясының орнына «Химия – Биология» пәндер жұбын енгізу жоспарланып отыр.

ЕЛДОС НҰРЛАН, ҰЛТТЫҚ ТЕСТІЛЕУ ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— 2026 жылдан бастап химия мен физика ғана емес, физикамен қатар биологияны тапсыру мүмкіндігі болған. Сондықтан, айтарымыз, енді химия әуелден таңдалды екен, дайындықты жалғастырсын. Ал физикаға қатысты тап осы мамандықты таңдағысы келіп отырса, онда биологияға қарай көбірек ден қоюға тура келеді. Сонымен қатар алдындағы комбинациямен салыстырғанда 1 ғана мамандыққа емес, 18 мамандыққа түсе алу мүмкіндігі кеңейетіні туралы білген дұрыс деп ойлаймыз.
Тестілеу орталығы өкілінің айтуынша, қазір сынақ тестілерінен физика-химия комбинациясы алынып тасталды. Жаңа комбинацияны енгізу әзірге келісу процесінен өтуде. Жақын арада нормативтік-құқықтық актілерде бекітіледі деп күтіп отыр. Ал бір жыл бойы «Физика – Химия» пәндеріне дайындалған талапкерлердің алаңдаушылығы сейілген жоқ. Олар соңғы мүмкіндік беруді сұрайды.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

Бөлісу: