Астанада жасанды интеллектінің заманауи ғылым мен білімге әсері талқыланды. Амангелді Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институтында дәстүрлі «Құсайынов оқулары» халықаралық конференциясы өтті. Форумға таяу шетелдерден бастап АҚШ, Қытай және Индонезияға дейін әлемнің он елінен зерттеушілер жиналды. Олар цифрлық дәуірдің басты сын-қатерлеріне бірлесіп жауап іздеп жатыр. Ғалымдар цифрлық технологияның педагогиканы, экономиканы, құқық саласын, тіпті қазақ тілінің дамуын қалай өзгертіп жатқанын талдады. Форумның басты ерекшелігі – әдеттегі дәріс форматынан бас тартып, тең құқылы серіктестікке көшу.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Құсайынов оқулары» оқу орны құрылған сәттен бастап, яғни отыз жылдан астам уақыт бойы өткізіліп келеді. Осы уақыт ішінде елордалық педагогтердің шағын кездесуі ірі халықаралық алаңға айналды. Биылғы форум қорытындысы бойынша сарапшылар ғылыми жинақ шығарып, білім беру жүйесіне жаңа әлемдік трендтерге бейімделуге көмектесетін тәжірибелік ұсыныс әзірлейді.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

