Мемлекеттік қолдау жемісін беріп жатыр. Астанада өткен Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің III форумында Қазақстанның Еңбек ері Мұрат Қаражұманов осылай деді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан жиынға еліміздің барлық өңірінен 2 мыңға жуық фермер мен сала мамандары жиналды. Форумда аграрлық маусымның қорытындысы, шаруаларды мемлекеттік қолдау, көктемгі егіске дайындық, мал шаруашылығы мен өнімді терең өңдеу мәселелері талқыланды.
Бүгін ауыл шаруашылығы еңбеккерлері үшін ерекше күн. Күзгі жиын-терін аяқталып, еккенін орып алған диқандар мен өрісіндегі малын өзгеге аманаттап, Астанаға аттанған шаруалар Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің ІІІ форумына келді. Биылғы іс-шара олардың кәсіби мерекесімен тұспа-тұс келіп отыр. Форумға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, елден жеткен еңбек адамының ерен еңбектері үшін алғыс айтты.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Баршаңызға мәлім, бүгінде ауыл шаруашылығы мамандары ауыл әлеуетінің артуына, тұтас мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне мол үлес қосуда. Сіздер ата кәсіпті абыроймен атқарып, ұлтымыздың игілігін еселеп жүрсіздер. Ауа райы қолайсыз болғанына қарамастан, биыл да ел қамбасы астыққа толды. Күзгі жиын-терінде еліміз бойынша 24,5 миллион тонна дақыл жиналды. Егіннің бітік болуы – молшылық пен тоқшылықтың кепілі. Бұл – еліміздегі әр шаңырақ ырысқа кенеліп, дастарханымыз берекелі болады деген сөз. Мен бүгін диқандар қауымына және осы салада еңбек етіп жүрген барша азаматқа алғыс айтамын.

2026 жылы елімізде 24,5 млн тонна астық жиналды. Осы жыл соңғы жылдардағы ең құрғақ маусымдардың бірі болды. Бірқатар өңірде, атап айтқанда, Павлодар және Қарағанды облыстарында құрғақшылық тіркелді. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, еліміздің диқандарымыз мол өнім жинады. Бұл – мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау мен агротехнологияларды тиімді қолданудың нәтижесі дейді шаруалар.

2026 жылы жеңілдетілген несие көлемі 5 пайыздық мөлшерлемемен 1,5 трлн теңгеге дейін жеткізілді. Жеңілдетілген лизинг бағдарламасы арқылы биыл шаруалар 25 мыңнан астам техника сатып алған. Нәтижесінде, техника паркінің тозу деңгейі 90 пайыздан 60 пайызға дейін төмендеген. Форумда Президент шаруа қожалықтарына цифрлық технологияларды енгізуге кеңес берді. Қазірде жасанды интеллектінің игілігін көріп отырған шаруа қожалығы бар екен.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Жолдауда ауыл шаруашылығы саласына цифрлық технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектіні кеңінен енгізу қажет екенін айттым. Бүгінде озық шешімдердің игілігін көріп отырған шаруа қожалықтары аз емес. Мысалы, Солтүстік Қазақстанда осындай кәсіпорындар бар. Атап айтқанда, «Ақселеу» шаруашылығы өндірісті цифрлық басқару және жер серіктері арқылы бақылау жүйелерін енгізді.

Қазірдің өзінде «Ауыл аманаты», «Ауыл – ел бесігі», «Кең дала», «Береке», «Жайлау», «Игілік», «Сыбаға» қаптаған бағдарламалар бар. Алайда әр жоба ауыл үшін тиімді ме? «Бізге бағдарламаның саны емес, ауыл шаруашылығының сапалы дамығаны керек», — деген Мемлекет басшысы. Үкімет ауыл мен аграрлық секторды қолдау үшін дайындалған осындай құжаттарға жан-жақты талдау жүргізуге тиіс екенін баса айтты. Жиын соңында елеулі еңбек етіп, еліміздің дамуына барынша үлес қосып жүрген бір топ Ауыл шаруашылығы еңбеккерлері Президент қолынан мемлекеттік награда алды.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

Бөлісу: