Тұмау өрши бастады. Елімізде жіті респираторлық вирустық инфекциялар мен тұмауды жұқтыру дерегі көбейген. Бұл жағдайға ауа райының құбылмалы болуы да себеп. Қазір елордада медициналық ұйымдардың жұмысы күшейтіліп, ауруханадағы төсек-орын саны көбейтілді. «Бұл жағдай аздай елге шеттен келген Дэнге безгегі де тарап жатыр», — дейді мамандар. Тропикалық елдердегі масадан жұғатын безгекті Мальдив аралдары және Вьетнам, Үндістан, Индонезия, Дубайдан азаматтар жұқтыратын көрінеді.
Астанада жіті респираторлық вирустық инфекциялар мен тұмауды жұқтыру деректері маусымдық кезеңге байланысты артып келеді. Алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету ұйымдарында 2 569 науқас амбулаториялық ем қабылдай бастаған. Олардың қатарында 1 551 бала және 20 жүкті әйел бар. Бұдан бөлек, емханалар бақылауында 4 559 науқас бар.
Елордадағы емханалар мен жедел жәрдем қызметінің жұмысы күшейтілді. Медициналық ұйымдарда сүзгі және шұғыл көмек көрсету кабинеттері жұмыс істейді. Онда респираторлық инфекция белгілері бар науқастар басқалардан бөлек қабылданады. Ауруханалардағы төсек-орын саны да арттырылды. Астанада тұрғындарға маусымдық тұмауға қарсы вакцина салу жұмыстары жалғасып жатыр.

ТЕМІРЛАН СЕЙІТБЕК, ДСМ СЭБК БАС САРАПШЫСЫ:
— Эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Соңғы аптада ЖРВИ-дың 133 мыңға жуық жағдайы тіркелді. Ол өткен аптамен салыстырғанда 6 пайызға төмен. 2026 жылдың 1 қыркүйегінен бастап елімізде ЖРВИ-дің 1 млн 400 мыңнан астам жағдайы тіркелген.

Бүгінгі таңда 2 миллион 65 649 адам вакцина салдырған. Бұл – екпе алуға тиіс азаматтардың 93,9 пайызы. Вакцина барлық өңірде бар. Дегенмен тағы бір алаңдарлық жағдай – Дэнге безгегі. Бұл тропикалық елдерде маса арқылы адамға жұғады. Шетел аралап, дем алып келген қазақстандықтардың кейбірінен осы жұқпалы дерттің белгілері байқалған.

ЖҰМАБЕК НҰРҒАЛАМОВ, СЭБК БАС САРАПШЫСЫ:
— Қазақстан бойынша айтар болсам, биылғы жылдың басынан бері елімізде аурудың 14 сырттан әкелінген жағдайы тіркелді. Науқастардың барлығы – шетелден келген азаматтар. Оның ішінде 7 адам Мальдив аралдарынан, қалғандары Вьетнам, Үндістан, Индонезия және Дубайдан келген.

Әйтеуір безгекпен келіп, безілдеп ауырғандар болмапты. «Дегенмен сақ болу керек», — дейді мамандар. Ал тұмау жұқтырғандар міндетті түрде дәрігер кеңесін тыңдауға тиіс.

АЙЗАТ ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
— Мамандар тұрғындарға аурудың алдын алу шараларын сақтауды ескертеді. Атап айтқанда, қолды жиі жуу, бөлмені желдету және науқас адамдармен жақын қарым-қатынастан аулақ болу ұсынылады. Тұмау белгілері байқалған жағдайда уақытылы медициналық көмекке жүгініп, өз бетінше емделмеу қажет. Елордадағы эпидемиологиялық жағдай бейінді қызметтердің тұрақты бақылауында.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

Бөлісу: