Бір самсахананың лас ас үйі бүкіл қоғамдық тамақтану саласына көлеңке түсірді. Эфирімізден кейін жұмысы уақытша тоқтатылған нысанның кесірінен адал кәсіпкерлер де күдік астында қалды. Әлеуметтік желіде «Барлық жерде осылай емес пе?» деп жазғандар көп. Сонда ас үйді таза ұстау соншалықты қиын ба? Әлде кейбір кәсіпкерлер үшін табыс тазалықтан маңызды ма?
Самса, бәліш, пицца. Балалар да, үлкендер де сүйсініп жейтін бұл тағамдарды қалада қай бұрыштан болса да табуға болады. Базар маңында, көше бойында, тұрғын үйлердің бірінші қабатында самса пісіретін орын жетерлік. Бірақ олардың асүйінде тазалық қалай сақталады? Мұны тұтынушы біле бермейді.
Дегенмен, барлық кәсіпкерді бірдей кінәлауға болмайды. Бектемір Нұқышев: «Тамақ цехінде тазалыққа ерекше мән беріледі», — дейді. Кәсіпкер бұл салада жүргеніне бес жылдан асқанын айтады. Цехтің есігін бізге ашық көрсетіп, жұмысын таныстырды. Оның сөзінше, тазалық сақтау қиын емес. Тек басшылық күн сайын бақылап, сапа мен санитарлық жағдайға жауапты адамды бекітуі керек.
БЕКТЕМІР НҰҚЫШЕВ, КӘСІПКЕР:
— Әр цехтың өз стандарты болуы керек. Мәселен, бейтарап аймақ, ыстық аймақ, суық аймақ деген сияқты. Қоғамдық тамақтану саласында жұмыс істейтіндер осы талаптарды жақсы біліп, санитарлық нормаларды сақтауға тиіс. Ең бастысы – тазалық. Бізге ет жеткізеді, майсыз тартылған ет те әкеледі. Кейде май араласқан фарш ұсынады, бірақ біз оны алмаймыз. Өйткені қазір заман басқа, тұтынушы өнімнің сапасын бір жегеннен-ақ біледі.
Атышулы самсахананың өнімі Астанадағы 300-ден астам дүкенге таратылғаны белгілі. Ал сол жерде дайындалған тағамды қанша адам сатып алып, жеп үлгергені белгісіз. Өнім жеткізілген дүкендердің тізімін білу үшін құзырлы органдарға ресми сауал жолдадық. Жауабын күтіп отырмыз.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

