Алматы облысының Райымбек ауданындағы Қызылшекара орта мектебінің күрделі жөндеу көрмегеніне жарты ғасырдан асқан. Білім ошағының өркениет көшінен қалып келе жатқаны ауыл тұрғындарын алаңдатып отыр. «Біз балаларымыздың қауіпсіз әрі заманға сай мектепте оқығанын қалаймыз», — дейді ата-аналар.
Қызылшекарадағы Көдек Байшығанұлы атындағы орта мектеп өткен ғасырдың 70 жылдарында салынған. Онда қазір 260 оқушы білім алып жатыр. Білім ошағының шатыры шұрық-тесік. Қабырғасы сөгіліп, сылағы түскен. Едені опырыла бастағанына да бірнеше жылдың жүзі болды. «Мектеп апатты жағдайдың аз-ақ алдында тұр. Оқыс жағдай бола қалса, балаларымыздың қауіпсіздігі мен өміріне кім жауап береді?», – дейді ата-аналар.
МАХАББАТ НҰРАДИЛОВА, ҚЫЗЫЛШЕКАРА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Менің бұл мектепте 4 балам оқиды. Мектептің жағдайы нашар. Мен де балаларымның жарық, заманауи мектепте оқығанын қалаймын және бұл жөндеу жұмыстары уақытында басталып, уақытында аяқталса деймін. Бұл – көп ата-ананың қоятын талабы.
Ескі ғимараттың терезесінен жел улейді. Жылу жүйесі де дұрыс жұмыс істемейді. Ұстаздар күн суытса, сынып ішінде электр пешін қосуға мәжбүр болады. Облыстық білім басқармасы басшыларының айтуынша, нысанды күрделі жөндеуден өткізуге жобалық-сметалық құжаттама әзірленген.
АЙГҮЛ МАРАЛБАЕВА, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— 2027 жылы күрделі жөндеу жүргізілетін мектептер тізіміне ол мектеп енгізілді, бюджеттен қаржы бөлінеді. Қазіргі уақытта ол ұсыныс қаралып жатыр. 2027 жылдың бюджетін жоспарлау кезінде облыстық комиссия тарапынан қаржы бөлуге қолдау табылған жағдайда мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Құжаттама мемлекеттік сараптамадан өтті. Жобаның жалпы құны – 1,6 млрд теңге. Қажетті қаржы бөлінсе, алдағы жылы күрделі жөндеу жұмыстары басталады.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

