Өнім өзімізде өндіреледі, бірақ неге шетелден сатып аламыз? Елімізде өндіріс көлемі артқанымен, отандық кәсіпорындарға тапсырыс аз түседі. Жергілікті өнімге сұраныс төмен. Отандық өндірушілерді қалай қолдауға болады? Құрылтайдағы Үкімет сағатында осы мәселе талқыланды.
Елімізде сүт, ет, сусын және басқа да азық-түлік өндіретін зауыт көбейіп келеді. Бірақ сөреде отандық тауардың бағасы неге арзандамайды? Құрылтайда осы мәселе көтерілді. Депутататтар келтірген дерекке сенсек, еліміздегі кәсіпорындар азық-түлікті қаптайтын материалдардың біразын әлі күнге шетелден сатып алады. Ал импортқа тәуелділік тауардың түпкі бағасына әсер етеді.
АРМАН ХАЙРУЛЛИН, ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТЫ:
— Алайда буып-түю материалдарының жекелеген түрлері бойынша отандық кәсіпорындар әлі де импорттық жеткізілімдерге тәуелді болып отыр. Осылайша, ішкі сұраныстың тұрақты сипат алуына қарамастан жыл сайын қосылған ҚҚС қосымша жұмыс орындарын құрудың орнына шетелдік буып-түю өндірушілеріне бағытталуда.
Ауыл шаруашылығы вице-министрінің мәліметінше, елімізде қаптама шығаратын 20-ға жуық өндіріс орны бар. Алюминий және картон қаптамалар да жасалады. Бірақ бұл ішкі сұранысты толық өтемейді. Мәселен, сүт пен шырын құятын арнайы қораптар, консерві, бөтелке қақпақтары мен шыны ыдыстардың біразы шетелден тасымалданады. Кейбір тауар түрлері бойынша импорт үлесі 80 пайызға дейін жетеді. Енді бұл мәселені ірі тапсырыс берушілермен ұзақмерзімді келісім жасау арқылы шешу ұсынылып отыр. Демек, шағын кәсіпорындар қажетті материалдарды әрқайсысы жеке-жеке емес, бірігіп, көп көлемде сатып алса, бағасын арзандатуға мүмкіндік туады.
Алайда бұл сауда сөрелеріндегі бағаға қаншалықты әсер ететіні әзірге белгісіз. Жалпы, елімізде отандық тауарды сатып алуға қатысты талап күшеймек. Ірі тапсырыс берушілер қазақстандық өнімге басымдық беруге тиіс. Ал міндетін орындамағандарға жаза бар. Бұндағы басты мақсат отандық зауыттарды тек өнім шығаруға емес, оны тұрақты сатуға да мүмкіндік беру. Өйткені өндірісті дамыту үшін зауыт салу жеткіліксіз. Оның тауарына сұраныс та болуы керек.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

