Олар да мейірім мен қамқорлыққа мұқтаж. Еліміздің солтүстігінде төтенше жағдайлар қызметінің мамандары мейірімділік акциясын бастады. Алапат тасқын кезінде құтқарылған ит-мысықтарға жанашыр жан іздейді. Ол үшін жауаптылар жануарлармен суретке түсіріп, оны әлеуметтік желіге жүктеуде. Айтуларынша, бастаманы қолдап жатқандар аз емес.
Самат Ахметжановтың төтенше жағдай қызметінде еңбек етіп жүргеніне көп уақыт болмаған. Осыдан бірнеше жыл бұрын Есілде мұздың көбесі сөгілген шақта батып жатқан итті көрген ол еш ойланбастан суға секіреді. Осылайша өзгенің өмірі үшін өзінің басын қатерге тіккен азамат нағыз дос тапқанын айтады.
САМАТ АХМЕТЖАНОВ, ҚҰТҚАРУШЫ:
— Тек ғана мұрны көрініп жатты. Сәл кешігіп қалсақ, бұл ит суға кетіп қалар еді. Сосын осында алып келдік. Мұнда бірден итті тексеріп, ыстық екпе салдық. 3 жылдан бері осында жатыр. Анда-санда мен жанына келіп, ойнап-сипап кетемін.
Өңірде 2024 жылы болған алапат тасқын кезінде 500-ге тарта ит-мысық құтқарылды. Олардың барлығы қазір қала шетіндегі жеке орталықты паналайды.
ЕКАТЕРИНА КОРОЛЁВА, ОРТАЛЫҚТЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
— Бұл орын негізінен 700 орынға шақталған. Алайда алапат тасқыннан соң көптеген жануар бізге жеткізілді. Қазір бәрі осы жерде. Бүгінгі күні біздегі иттің саны 1200-ден асты. Мұнымен қоса 400-ге тарта мысық бар. Сондықтан мүмкіндігінше бұл жануарларды мейірімді жандардың қолына тапсырсақ дейміз.
Сол себепті төтенше жағдай департаментінің мұрындық болуымен өңірде мейірімділік акциясы қолға алынды. Шарапаты мол шара аясында құтқарушылар төрт аяқтылармен суретке түсіп, оны әлеуметтік желіге жариялап жатыр. Басты мақсат – жануарларға қамқор болатын жандарды табу.
МАРИНА САМОЙЛЕНКО, ОБЛЫСТЫҚ ТЖД РЕСМИ ӨКІЛІ:
— Бұл акция еліміздің түкпір-түкпіріндегі әлеуметтік желі қолданушылары арасында үлкен қолдауға ие болды. Жазбалар лезде тарап, жылы лебіздер, жақсы пікірлер жазылып жатыр. Осы игі бастаманың астарында тым құрылғында бір үй жануарына мейірімді жан тауып берсек деген мақсат жатыр.
Ұйымдастырушылардың сөзінше жоба нәтижесін бере бастады. Мәселен, соңғы күндері бірнеше жануарды жанашыр жандар асырап алған.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

