Астана прокуратурасы жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты айыпталып отырған меншік иелері бірлестігінің төрайымы Сәуле Жұбаниязованың ісін прокурорға қайтару туралы сот шешімімен келіспей, апелляциялық өтінішхат түсірген болатын. Алайда сот прокурордың аппеляциялық өтінішхатын қанағаттандырусыз қалдырды.
Естеріңізге сала кетейік, осыдан бір жыл бұрын елордада тұрғын үйдің қасбеті опырылып, жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуан қаза тапқан еді. Бұл іс бойынша меншік иелері бірлестігінің төрайымы Сауле Жубаниязова айыпталушы ретінде өтіп жатыр. Бұған дейін сот қылмыстық іс материалдарын басқа іспен біріктіру мәселесін шешу үшін прокурорға қайтарған болатын. Алайда қадағалаушы орган бұл шешімге апелляциялық шағым түсіріп, оны жоюды талап етті. Апелляциялық алқа прокуратураның уәжін қолдамады. Сот алқасы өз шешімінде құрылыс-техникалық сараптаманың қорытындыларына сүйенді.
ГҮЛЖАХАН ҰБАШЕВА, СУДЬЯ:
— Прокурордың апелляциялық өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылды. Бұл шешімді қабылдау кезінде сот алқасы жаңа ғана жарияланған құрылыс-техникалық сараптаманың қорытындыларын ескерді. Онда қасбеттің опырылу себептері көрсетілген. Бұл туралы қайталап айтпай-ақ қояйын, себебі сараптама қорытындысы бұған дейін жарияланды. Осыған байланысты сот алқасы істің барлық мән-жайын жан-жақты тергеп, қасбеттің опырылуына қатысы болуы мүмкін барлық тұлғалардың әрекеттерін анықтап, оларға құқықтық баға беру қажеттігі туралы соттың тұжырымы дұрыс деп есептейді.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

