Петропавлда 90 отбасы күздің қара суығында дірдек қағып отыр. «Өңірде жылыту маусымы осыдан бір жарым айдан астам уақыт бұрын басталса да, жауапты мамандар мәселені шешуге асығар емес», — дейді тұрғындар. Мұнымен қоса көпқабатты үйде ыстық су да жоқ. Амалсыздан бұқара қазір электр жылытқыштарды пайдаланып, күнелтуде. Бұған жергілікті билік өкілдері не дейді? Түйткіл қашан тарқатылмақ?
91 жастағы Надежда Руденко – тыл еңбеккері. Пәтерінде қабат-қабат киіммен жүруге мәжбүр. Әсіресе түнгі уақытта баспанадағы температура тіптен төмендеп, жылына алмай берекесі қашатынын айтады. Қазір кейуана амалдың жоқтығынан электр пешін пайдаланып отыр.
НАДЕЖДА РУДЕНКО, ТЫЛ ЕҢБЕККЕРІ:
— Жылыту маусымы басталғалы осындай проблема. Ас бөлмесіндегі батерия сол күйі жылынбады. Сондықтан электр құрылғысын қолданып отырмыз. Ол қалтаға артық салмақ салады. Мәселен, өткен айда коммуналдық төлемді әдеттігеден екі есе көп төледім.
Қаланың қақ ортасында орналасқан көпқабатты үйде 90 отбасы тұрып жатыр. Дені – зейнеткерлер. Күздің қара суығында бүрсең қаққан халық, қыстың көзі қырауда күніміз не болмақ деп сары уайымға салынуда. Мұнымен қоса, ыстық судың жоқтығы, жығылғанға жұдырық болған.
ЕКАТЕРИНА ВАГНЕР – ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Кішкентайымды шомылдыру үшін шәйнекке су жылытамын. Еден мұздай. Балалар түнде киіммен ұйықтайды. Өзіміз де үнемі қалың шұлық киіп жүреміз. Жағдай реттелмесе, қыста күніміз не болмақ? /
АЛИК ЗИВЕРТ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Екі айдан бері мәселенің нақты себебін ешкім таба алмай отыр. Ауыстырмаған құрылғы қалмады. Батарея қызса, ыстық су жоғалады. Ал ыстық су пайда болса, жылудан тарығамыз.
Халықтың мәселесі жергілікті әкімдікпен жылумен қамту кәсіпорынына жолданды. Қазір осы сұраққа қатысты әкімдік өкілдері тексеріс жүргізіп жатыр.
АЛЁНА ХАН, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
— Бірінші қабатта шаштараз бар. Онда екі батарея бір құбырға жалғанғаны анықталды. Кәсіпкер болса бұл жұмысты еш рұқсатсыз жүргізген. Кейбір пәтер иелері қосымша кран орнатып алған. Енді бірінде радиаторлар ескіріп, бікетілген.
Биылғы күз жылдағыдан жылырақ. Бірақ синоптиктер алдағы демалыс күндері сынап бағанасы -10 градусқа дейін төмендейді деген болжам жасап отыр. Сондықтан тұрғындар жауапты мекемелерден жылу беру жүйесін тез арада қалыпқа келтіруді талап етуде.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

