Елімізде интернет тарифтері тағы қымбаттайды. Бұл туралы байланыс операторлары мәлімдеді. Қызмет құны шамамен 10 пайызға өседі. Кей компаниялар мұны желілерді жаңғыртуға жұмсалатын шығындардың өсуімен байланыстырып отыр. Жалпы, елімізде барлық ауылды интернетпен қамту жоспары өзгерген жоқ. Үкімет отырысында телекоммуникация саласын дамыту жұмыстары талқыланып, маңызды міндеттер айқындалды.
Ұлттық «Қолжетімді интернет» жобасы аясында биыл 3 704 ауылға интернет тартылады. Ал 2027 жылы көрсеткішті 92 пайызға жеткізу жоспарланған. Ел бойынша базалық станциялар жаңартылып, 3G желісі 4G-ге ауыстырылып жатыр. Қалалар мен ауылдарда 5G желісінің ауқымы да кеңейтілуде.
ЖАСЛАН МӘДИЕВ, ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, ЖИ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:
— Қалған 8 пайыз шалғай ауыл спутниктік интернетпен қамтамасыз етіледі. Жобаның іске асуы ерекше бақылауда. «Қазақтелеком» жоспарланған жұмысты мерзімде аяқтауға тиіс. Қазір ауылдардың 84 пайызында мобильді интернет қолжетімді.
Алдағы екі жылда жоғары жылдамдықты желі 1 мың астам ауылға жеткізіледі. Бұл – 445 мыңнан астам үй, яғни шамамен 2,3 миллион тұрғын интернетпен қамтылады. Жоба аясында 3 мың 800 шақырымға жуық оптикалық желі салынады. Ең бастысы, интернет әлеуметтік нысандарға ғана емес, тікелей ауыл тұрғындарының үйлеріне дейін тартылмақ.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
— Үйлерге интернет қосу мүмкіндігі жағынан әлі де болса алшақтық бар. Бұл мәселе ауылдық жерлерде өткір тұр. Көп жағдайда магистральді желілер жеткізілгенімен олардың тармақталған желісі жоқ. Қолжетімді интернет жобасы елді мекендерге тұтынушыларды интернетке нақты қосуды қамтамасыз етуге тиіс.
Байланыс тарифі де қымбаттайды. Биыл қызмет құнын 10 пайызға көтеру жоспарланған. Ал қызмет сапасы сол күйінде қалып отыр. Үкімет отырысынан кейін брифингте журналистер ұялы байланыс операторларына осындай сұрақ жолдады.
ДЖАББОР КАЮМОВ, «KAP-TEЛ» БАС АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:
— Оператор табысының 20 пайызы соңғы жылдары күрделі шығындарға жұмсалған. Желіні дамыту, жаңа нысандар салу, қомақты инвестицияны талап етеді. Жабдықтар әр бес жыл сайын жаңартылуы тиіс. Бұл сапалы байланыс пен заманауи технологияларды енгізу үшін қажет. Оператор тарифті белгілегенде елдің стратегиялық басымдықтарын да ескеруі тиіс. Beeline биыл бағаны осы себептерге байланысты көтеріп отыр.
Басқа да ұялы байланыс операторлары тарифтердің жыл сайын қымбаттауын телекоммуникация саласындағы шығындармен түсіндірді. Биыл кейбір тарифтердің бағасы тағы 10 пайызға өседі. Қымбаттау бірден емес, кезең-кезеңімен енгізіліп, абоненттердің бәріне бір уақытта әсер етпейтінні айтады мамандар.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

