Бөлектау шыңына шығып көрдіңіз бе? Қысқы демалыс десе, көпшіліктің ойына шаңғы, сноуборд пен ұшар биігін қар басқан тау елестейді. Ал елімізде мұндай көрікті мекен жетерлік. Ендеше қай өңірде қандай демалыс орны бар?
ДИАНА ОРЫНТАЙ, ТІЛШІ:
— Қысқы демалыс десе, көпшіліктің ойына шаңғы, сноуборд, қарлы таулар келеді. Ал енді біріміз үшін бұл – қаланың қарбаласынан алыстап, таза ауада демалудың, тынығудың таптырмас мүмкіндігі. Қазақстанда мұндай демалатын орындар аз емес. Соның бірі – солтүстік аймақтағы ең танымал Бурабай ұлттық паркіндегі Бөлектау шыңы.
Бұл өлкеге баратын туристердің арасында шетелдіктер де бар. Әсіресе жыл он екі ай жаз болатын елдерден келген қонақтар үшін қарлы өлкенің табиғаты таңсық. Солардың бірі – Филиппиннен келген Сиси. Қазақстанға алғаш рет табан тіреген турист Бурабайдың табиғатына тәнті болғанын айтады.
СИСИ ПЕН, ТУРИСТ:
— Мен Филиппин елінен келдім. Қазақстанға алғаш рет келуім. Қарашаның 1-інен бастап ALEM AI-дегі Network School мектебінде оқып жатырмын. Әзірге Қазақстанның барлық өңірін аралап үлгермедім. Сондықтан таулар мен көлді көру үшін Бурабайға келуді жөн көрдік. Мұнда өте әдемі, тыныш әрі ерекше жайлы екен. Маған ауа райы да қатты ұнады. Мен жыл он екі ай жаз болатын елден келгендіктен, айналаның аппақ қарға оранғанын көру мен үшін ерекше әсер. Табиғаты да, ауасы да керемет.
Шетелдік қонақтардың әсері бір бөлек, ал онымен қоса ел ішінде саяхаттайтын қазақстандықтардың қатары да жыл сайын артып келеді. Ресми мәліметке сүйенсек, соңғы алты жылда ішкі турист саны 84,4 пайызға өскен. Егер 2019 жылы ел ішінде саяхаттағандар 4,7 миллионға жуық болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 8,6 миллионнан асқан. Мамандардың айтуынша, еліміздің түрлі өңірінде туристерге арналған жаңа демалыс орындары мен туристік нысандар ашылып, инфрақұрылым кезең-кезеңімен дамып келеді.
МАЙЯ НАҒҰМАНОВА, «KAZAKH TOURISM» ТУРИСТІК ӘЛЕУЕТТІ ТАЛДАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:
— Алматы облысындағы Oi-Qaragai тау-шаңғы курортының трассалары 38 шақырымға дейін ұзартылды. Ақтаста қонақүйі мен мейрамханасы бар жаңа кешен ашылды. Қонаев қаласында мұз айдыны бар ASP Arena спорттық-ойын-сауық кешені іске қосылды. Ал елордада қысқы маусымға орай ұзындығы 1,4 шақырымдық мұз жолы бар Astana Winter Park ашу жоспарланған. Бурабайда да отбасылық демалысқа арналған қысқы бағдарлама әзірленді.
Еліміздің әр өңірі қысқы демалыстың өзіндік бағыттарын ұсынады. Мысалы, Алматы облысында қысқы туризмге арналған мүмкіндіктер кең. Мұнда тау шаңғысымен қатар, отбасымен демалуға, табиғат аясында серуендеуге және белсенді уақыт өткізуге арналған түрлі орындар бар. Одан бөлек өңірлерде де туристерге ұсынылатын демалыс түрлері де көбейіп келеді.
Қысқы туризмнің маңызды бағыттарының бірі – тау шаңғысына арналған демалыс орындар. Елімізде бұл салаға қызығушылық артып, туристерге ұсынылатын қызмет түрі де кеңейген. Әсіресе Шығыс Қазақстан облысындағы Алтай өңірінің туристік әлеуеті зор. Мұнда тау шаңғысымен қатар, фрирайд пен қарда жүретін көлікпен демалуға да мүмкіндік бар. Ал демалыс орны құрылтайшысы: «Туристерді қызықтыру үшін инфрақұрылымды дамытып қана қоймай, қызмет көрсету сапасын да арттыру қажет», — дейді.
АЛЕКСАНДР ЧИЛИКИН, ДЕМАЛЫС ОРНЫНЫҢ ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ:
— Шығыс Қазақстан облысы – қазақтың Алтайы. Алтай – әлемдегі ең көрікті мекендердің бірі. Мұнда келетін туристер саны алдағы уақытта одан әрі арта түседі деп сенемін. Қазірдің өзінде туристер ағыны жыл сайын 20 пайыздан астам өсіп келеді. Мұнда тау шаңғысы туризмі де, пантымен емдеу де, жайлы демалыс та бар. Бұқтырма су қоймасы да туристік әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді. Жалпы, Алтайдың болашағы зор.
ДИАНА ОРЫНТАЙ, ТІЛШІ:
— Қазақстан – табиғаты сұлу, жылдың төрт мезгілінде де көз тартар көрініске бай өлке. Жазда жасыл желекке бөленген даласы мен таулары көз тартса, қыста ақ көрпеге оранған келбетімен баурайды. Әр мезгілдің өзіне тән көркі, әр демалыстың өз қызығы бар. Әр сәтті есте қаларлықтай өткізуге біздің елімізде көрікті мекен де, мүмкіндік те жеткілікті.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

