«Қауіпсіздік талаптары сақталмаған». Петропавлда макарон өндіретін кәсіпорында адам өлімінен кейін тексеріс жүргізген еңбек инспекторлары осындай шешім шығарды. Арнайы құрылған комиссия бір айдан астам уақыт бойы мән-жайды толық зерделеді. Жауаптылардың айтуынша қамыр илейтін құрылғы тоқсаныншы жылдары сатып алынған. Ал оның пайдалану құжаты болмай шықты. Салдарынан қайтыс болған қызметкер тиісті оқытудан өтпегені анықталды. Осылайша, жұмыс берушінің кінәсі расталып отыр.
АЗАТ БЕЙСЕМБИН, ЕҢБЕК ИНСПЕКЦИЯСЫ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
— Жазтайым оқиға еңбек қызметіне байланысты болып отыр. Жұмыс берушінің кінәсі бар. Себебі аталған жабдықпен жұмыс істеу кезіндегі қауіпсіздік талаптарын сақтау жөніндегі қажет құжаттары болмаған. Мұндай оқиғалардың қайталануына жол бермеу үшін арнайы іс-шаралар жоспары әзірленді. Сондай-ақ қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің 156-бабы бойынша іс қозғалды.
Ескерте кетейік, жаға ұстатарлық жағдай 12 қазан күні тіркелді. 35 жастағы ер азамат қамыр илейтін аппаратты тоқтатып, оны тазалауға кіріскен. Алайда кенеттен ол іске қосылып, жұмысшыны тартып әкеткен. Жалпы жыл басынан бері аймақтағы өндіріс орындарында 28 жазатайым оқиға болды. Салдарынан 4 адам ажал құшып, 30 азамат түрлі дене жарақатын алған.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

Бөлісу: