Самса жыры біткен жоқ. СЭС мамандары уақытша жапқан цехтан бөлек, Астанада атышулы кәсіпкердің тағы бір самсаханасы бар болып шықты. Санитарлық талапты белден басқан ол екінші цехтың жұмысын тоқтатпаған. Тек атауын өзгертіп, самса пісіруді басқа мекенжайда жалғастырып жатыр. Ал өнімдері қаладағы дүкендерге бұрынғыдай таратылады. Ең сорақысы, мұндай самсаның қайда, қандай жағдайда дайындалғанын ешкім қадағалап отырған жоқ.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
— Шу шыққан цех бүгін жабық тұр. Маңдайшасын алып тастаған. Есігінде СЭС мамандарының ескерту қағазы ілінген. Бірақ бөркімізді аспанға атып, қуануға әлі ерте. Салақ кәсіпкердің екінші цехы бар екен.
Мұны атышулы самсаханада бұрын жұмыс істеген жігіт айтып отыр. Біз қауіпсіздік мақсатында оның атын атап, бет-жүзін көрсетпейміз. Оның айтуынша, СЭС бірінші цехтің жұмысын уақытша тоқтатқалы кәсіпкер «Samsa food» деген атауын «Samsa house» деп өзгерткен. Өнімді ақ қорапқа салып тарататын болған. «Самса пісіруді қазір екінші цехте жалғастырып жатыр», — дейді ақпарат көзі.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
— Біз кәсіпкердің екінші цехін таптық. Шу көшесі бойындағы коттеджде орналасқан. Бірақ сырт көзге цехтің ешқандай белгісі көрінбейді. Санитарлық жағдайы сын көтермейтін видеолар дәл осы үйде түсірілген деген ақпарат бар.
Цехке біз кіре алмаймыз. Жекенің меншігі. Сондықтан сырттан бақылап отырдық. Мақсатымыз – цехтен шыққан самсалар қай дүкенге апарылатынын анықтау.
Дүкен министрліктер үйі ауданында. Тауар жеткізуші ақ қораптағы самсаны дүкеншіге беріп, ақшасын санап алды. Көзбе-көз көрсек те, сатушы самсаны басқа жерден алдым деп азар да безер.
Санитар-мамандар екінші цехтің жұмыс істеп жатқанынан хабардар болып шықты. Біздің е-өтініш арқылы жіберген сауалымызға жоспардан тыс тексеру тіркелді деп жауап берді. Ал тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласының сарапшысы заңнан қоғамдық тамақтану орындарында профилактикалық бақылау деген ұғымды алып тастау керек деп есептейді.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
— Біздің мақсатымыз – кәсіпкерді табысынан айыру емес. Заң бойынша, санитарлық талаптарды сақтай отырып, самса пісіруді талап ету. Бұл оқиға басқа кәсіпкерлерге сабақ болуға тиіс.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

