Енді Қазақстан заңнамасында медициналық туризм ұғымы пайда болады. Құрылтайда бірінші оқылымда мақұлданған «Денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасында осы мәселе егжей-тегжейлі қарастырылған. Бұдан өзге елімізде науқастардың медициналық деректерін қорғау тетіктері де жетілдірілетін болды. Сондай-ақ осы заңнама аясында елімізде балалар арасында тін жасушаларын донорлыққа беру мүмкіндігі заңмен бекітіледі.
Заң жобасында алғаш рет «медициналық туризм» және «медициналық турист» ұғымдары енгізілген. Бұл салаға клиникалар, санаторийлер, ғылыми орталықтар, туроператорлар, турагенттер және сақтандыру компаниялары енгізіледі. Медициналық ұйымдарға пациенттерді сүйемелдеу қызметтерін құру мүмкіндігі беріледі.

ТИМУР СҰЛТАНҒАЗИЕВ, ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
— Еліміздің медициналық мүмкіндіктеріне шетел азаматтарының да қызығушылығы бар. Осы бағытты одан әрі дамыту үшін заңнамаға «медициналық туризм» ұғымын енгізу ұсынылады. Сонымен қатар шетелден емделуге келетін азаматтарға қызмет көрсету мен оларды сүйемелдеу тәртібін реттеу көзделген. Бұл отандық медициналық ұйымдардың мүмкіндіктерін кеңейтіп, қосымша инвестиция тартуға жағдай жасайды. Бұл ретте Қазақстан азаматтарына медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету басты басымдық болып қала береді,

Ұсынылып отырған басқа да өзгерістер қатарында дербес медициналық деректерді қорғау тетіктерін нығайту бар. Одан бөлек, трансплантациялау рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында ағзаларды, ағзалардың бір бөлігін немесе тіндерді трансплантациялау тәртібін нақтылау мәселелері қарастырылған. Мұндай мүмкіндік лейкоз және басқа да патологияларды қоса алғанда, қан ауруларын емдеу үшін қарастырылған. Сонымен бірге, денсаулық сақтау саласын цифрландыруды құқықтық реттеу барысын жетілдіру, медициналық практикаға ақпараттық жүйелер мен электрондық сервистерді енгізу көзделген. Бұл пациенттерге көп мүмкіндік бермек.

ЛӘЗЗАТ ЖЫЛҚЫБАЕВА, ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТЫ:
— Цифрландырудың практикалық тиімділігі. Медициналық бейнелердің бірыңғай базасын құру. Зертханалық және радиологиялық ақпараттық жүйелерді интеграциялау жай ғана техникалық жаңғырту емес. Қарапайым пациент үшін бұл басқа өңірге көшкен кезде немесе республикалық орталыққа жолдама алған жағдайда ақылы тексерлерден қайта өту, өзімен бірге медициналық құжаттардың қалың бумасы немесе дискілерді алып жүру қажеттілігі болмайды деген сөз.

Денсаулық сақтау кодексі 2020 жылы қабылдандған. Осы уақыт ішінде медицина саласында бірқатар өзгеріс болды. Жаңа технологиялар енгізіліп, медициналық қызмет көрсету мүмкіндіктері кеңейді. Осыған байланысты қолданыстағы заңнаманы бүгінгі талаптарға сай жетілдіру ұсынылып отыр.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

Бөлісу: