Жетісу облысы Қарабұлақ ауылындағы Ойсаз көшесінің тұрғындары әлі күнге дейін ауызсуға жарымай отыр. Аудан орталығы деген аты ғана, тіршілікке қажетті қарапайым жағдай жасалмаған. Қараңғы көше, ойқы-шойқы жол аздай, төтенше жағдай бола қалса, жедел жәрдем мен өрт сөндіру көліктері де жолдың тарлығынан ішке кіре алмайды.
Ойсаз көшесінде отызға тарта отбасы тұрады. Шенеуніктерден қайран болмасын түсінген халық мәселені өз бетінше шешуге бел буыпты. Тұрғындардың басым бөлігі ауласынан құдық қазып, соның суын тұтынуға мәжбүр. Солардың бірі – осы көшені жарты ғасырға жуық мекен еткен Мағауия Еңбергенұлы. «Елу жылда ел жаңарғанымен, өркениет бізді айналып өтті», — дейді зейнеткер.
ЛЮДМИЛА АЛЕКСЕЕВНА, ҚАРАБҰЛАҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Жыл сайын барамыз әкімдікке. Арыз-шағымды қарайды да қояды. Тіпті тіркемейді де қолымызға қайта ұстатып жібереді. Былтыр келді көшеге, мәселені көрді де биыл бәрін жасаймыз деп уәде беріп кетті. Көріп тұрсыздар, ештеңе жасалмаған. Балалар батпақ жолмен мектепке барады. Көшеде жарық, шам да жоқ.
Тұрғындар әкімдіктің табалдырығын қанша тоздырса да, мәселені нақты шешетін жан табылмапты. Жыл сайынғы жазылған жұрттың арыз шағымы том-том болып жиналған. «Бюджетке өтінім беріп, алдымен су мәселесін шешеміз», — дейді ауыл әкімі. Одан кейінгі жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылады деп сендірді.
СЕРЖАН ОҢАЛБАЕВ, ҚАРАБҰЛАҚ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:
— Келесі жылға қалдырылды. Қаржыландыру болған жоқ. Бюджетке өтінім беріп қойдық. Уақытын нақты айта алмаймын. Жоспар бойынша жасалады. Ескелді су құбыры біледі. Ең бірінші су мәселесін шешеміз. Сосын асфальт, жарық мәселесі шешіледі.
Әзірге Ойсаз тұрғындарына жауаптылардың уәдесін күтуден басқа амал жоқ. Бұл жолғы сөз іспен бекітіле ме, әлде кезекті құрғақ уәде күйінде қала ма уақыт көрсетеді.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

