Түркияда әскери тікұшақ апатынан бес адам қаза тапты. Ал Вьетнам астанасы Ханойда газ жарылып, алты адам опат болды. Таяу Шығыстағы жағдай да қайта шиеленісуі мүмкін.
Түркияда әскери тікұшақ құлап, 5 адам қаза тапты. Апат Эскишехир проивинциясындағы Тепебаши ауданында оқу-жаттығу кезінде болған. Борттағы бес әскери қызметшінің барлығы көз жұмды. Оқиға орнында іздеу-құтқару шаралары жалғасып жатыр. Апаттың нақты себебі әзірге белгісіз. Қайғылы хабарға Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған көңіл айтып, марқұмдардың отбасыларына қолдау білдірді.
Ал Вьетнам астанасы Ханойдағы дәмханалардың бірінде газ жарылып, алты адам қаза тапты. Олардың арасында дәмхана иесі, жақын маңдағы үйлердің тұрғындары және көшеде өтіп бара жатқан жаяу жүргіншілер бар. Сондай-ақ зардап шеккен 10 адам ауруханаға жеткізілді. Жергілікті басылымдардың мәліметінше, жарылыс салдарынан екі қабатты дәмхана ғимараты толығымен опырылып құлаған. Жақын маңдағы ғимараттар мен автокөліктерге де зақым келген. Құтқарушылар үйінді астында іздестіру жұмыстарын жалғастыруда. Полицияның алдын ала болжамынша, апатқа газдың таралуы себеп болуы мүмкін.
Таяу Шығыстағы қақтығыс одан әрі ушығы мүмкін. Трамп әкімшілігі Иран басшылығына соққы беруді қарастырып жатыр, алайда түпкілікті шешім қабылданған жоқ. Әскери шиеленістің зардабы қарапайым халыққа да тиіп жатыр. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы инфекциялық аурулардың таралу қаупіне алаңдаулы. Иран мен Ливанда мыңдаған адам баспанасын тастап, санитарлық жағдайы нашар уақытша орындарға көшкен.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

Бөлісу: