Жұрт балконнан жауған доллардың дауын әлі ұмыта қойған жоқ. Енді тағы ақша шашылды. Бұл жолы блогер Ырысбала Икрамбай інісінің үйлену тойында қонақтарға уыстап теңге үлестіріп, елдің назарын аударды. Тойда ақша шашқан блогердің әрекеті қалың жұрттың наразылығын тудырды.
Жалпы, жиын-тойда дарақылық, астамшылық, артық ысырап, дәстүрге жат қылық көбейді. Осыған тосқауыл қойып, тоқтау салатын кез келді. «Мемлекет тарапынан той жасаудың ортақ талабы жасалуы қажет, тіпті заңға норма енгізсе де артық емес», — деп есептейді әлеуметтанушылар.
Әлеуметтік желіде тараған видеода танымал блогердің бауырының тойында қонақтарға ақша шашып жатқанын байқауға болады. Дәл осы көрініс көпшіліктің сынына ұшырады. Желі қолданушыларының бірі мұны жомарттық десе, енді басқалары дарақылық, даңғазалық деп бағалады.
Иә, жұрт өткендегі балконнан жауған доллардың дауын әлі ұмыта қойған жоқ. Енді тағы ақша шашылды.
Тарихшы әрі қоғам белсендісі Жұмамұрат Шәмші тойдағы дарақылықты сынға алып, мұндай әрекетке тіпті заңмен тосқауыл қою керек деп санайды. Оның айтуынша, той-томалақта ақша шашу – қуаныштың жоралғысы емес, мәдениетсіздіктіктің көрінісі. «Ақша шашуды бүгін сәнге айналдырсақ, ертең одан да сорақысын көруіміз мүмкін», — дейді. Қаржы мұқтаж жандарға берілсе деген ойын ашық айтты.
ЖҰМАМҰРАТ ШӘМШІ, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ:
— Бұл – жай өзін көрсету. «Ай Ырысбала керемет екен, ақша шашып жүр. Ғажап керемет бай екен. Бұның байлығы сан алуан екен» деп айтқанын қалайды деп ойлаймын. «Пиар» деген қазаққа бәле болды. тойда біреулер жылқымен шығып жатыр, батырларды қасына үйіп қойып солармен шығып жатыр. Талайын көріп жүрміз ғой. «Қазаққа не көрінген?!» деп таң-тамаша боласың.
Той – қуаныштың нышаны. Бірақ соңғы жылдары қазақтың тойында хайп пен дарақылық жайлап бара жатыр. Қолына микрофон алып, хайп қуған асабалар ұлттық дәстүрдің қадірін кетіріп жүр. Әлеуметтік желіде талай видео тарады. Біреулер сыйлық үшін шпагатқа отырады, біреулер жерге аунап ел-жұртқа мазақ болып жүр. Той мәдениетін қалыптастыру үшін Жамбыл облысында алғашқы арнайы асабалар одағы құрылды. Аталған ұйым тентек тамаладаларды тәртіпке шақыруға тырысуда.

ЖАСҰЛАН ӘБДІХАЛЫҚ, Ш. МҰРТАЗА АТЫНДАҒЫ РУХАНИЯТ ЖӘНЕ ТАРИХТАНУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
— Дәстүрді құрметтейтін асабаларды одаққа кіргіздік. Заңды түрде Әділет министрлігіне тіркеп, 64 асабаға «Тойды басқара алады» деген куәлігін бердік.
Әзірге асабалар одағы тек Жамбыл облысында жұмыс істеп тұр. Бастамашылар: «Бұл тәжірибе өзге өңірлерде де қолданылса игі болар еді», — дейді. Өйткені асабалар ресми түрде мәдениет қызметкері немесе әлеуметтік сала маманына жатпайды. Ал той тізгінін ұстаған тамадаларға ортақ талап пен тәртіп қажет. Қоғам белсенділері мен тарихшылар той мәдениетін қалыптастыратын нақты ереже болғанын қолдайды.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

Бөлісу: