Еліміздегі дәріханаларға қойылатын талап күшеймек. Денсаулық сақтау министрлігі заңсыз әкелінетін дәрі-дәрмектің сатылуына тосқауыл қою үшін тексерісті жиілетіп, электронды рецепт жүйесін енгізбек. Ереже бұзғандарға қомақты айыппұл салынып, лицензиясынан да айырылуы мүмкін. Өйткені елде тіркелмеген дәрі саудасы азаймай тұр. Биыл тоғыз айда сапасы күмәнді, заңсыз сатылған 1200-ден астам препарат анықталған.
Дәрі-дәрмекті міндетті таңбалау, тұрақты тексеріс, лицензиялау. Қазақстанда фармацевтикалық өнім айналымын бақылаудың мұндай тетіктері бұрыннан бар. Алайда заңсыз импорттың жолын толық кесу әзірге мүмкін болмай отыр. Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты комитеттің мәліметі де осыны растайды.

БАУЫРЖАН ЖҮСІПОВ, ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ ФАРМАЦИЯ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
— Биыл тоғыз айдың қорытындысы бойынша тіркелмеген 1200-ден астам дәрілік препараттың сатылғаны анықталды. Осы фактілер бойынша тиісті тексеру жүргізіліп, 90-ға жуық әкімшілік хаттама толтырылды. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 54 миллион теңгеге жетті.

Дәріхана иелері де заң талаптарын сақтап жұмыс істегіміз келеді дейді. Бірақ кейбір препараттың тіркелген нұсқасы нарықта тапшы. Ал заңды саудаға қойылатын талап пен кедергі көбейген сайын, көлеңкелі нарыққа жол ашылады. Өйткені тіркелмеген дәріні сатып, тәуекелге барған кейбір кәсіпкерлер үшін бұл әлдеқайда тиімді.

РАУШАН ӘУБӘКІРОВА, ҚАЗАҚСТАН ТӘУЕЛСІЗ ДӘРІХАНАЛАР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
— Дәріханаларды қаншалықты қатты қыспаққа алсаңыз, көлеңкелі нарық соншалықты көбейеді. Ол неге өсіп жатыр? Біріншіден, қосылған құн салығын, басқа салықтарды төлемеу, таңбалаудан айналып өту мүмкіндігі бар. Сатып алды, сатты, әрі қарай кете береді. Екінші мәселе – сұраныс. Сұраныс бар жерде нарық қалыптасады. Егер бұл дәрілер елге әкелініп жатса, демек, олар халыққа қажет.

Заңсыз дәрі айналымынан мемлекеттік бюджет қана шығынға батпайды. Ең бастысы, тұтынушының денсаулығына қауіп төнеді. Өйткені мұндай препараттардың қайда, қандай жағдайда өндірілгені, құрамы белгісіз. Биыл жазда Алматыда құқық қорғау органдары дәрілерді заңсыз әкеліп, сатумен және қолдан жасалған препараттарды өндірумен айналысқан төрт фармацевтикалық компанияның қызметін тоқтатты. Іс бойынша фармацевтикалық бақылау қызметкерлері де ұсталды. Олар заңсыз бизнеске қамқорлық көрсетіп, пара алған деген күдікке ілінді. Мемлекетке төленбеген салық пен міндетті төлемнен келген шығын 800 миллион теңгеден асады. Схеманы ұйымдастырушылар мен олардың сыбайластары уақытша ұстау изоляторына қамалды.

РАУШАН ӘУБӘКІРОВА, ҚАЗАҚСТАН ТӘУЕЛСІЗ ДӘРІХАНАЛАР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
— Біз ол жерде тұтас бір топтың байланыста жұмыс істейтінін түсінеміз. Мәселе мынада, фармацевтикалық бақылау органдары заңсыз жеткізушілерді білуі мүмкін. Бірақ олардың қызметін тоқтатуға, жабуға немесе тергеуге өкілеттігі жоқ. Өйткені олардың лицензиясы да, жеке кәсіпкерлігі де тіркелмеген. Ойланып көріңізші, қаншалықты оңай ақша табады. Дәріні вагондап әкеледі, жалға орын алмайды, лицензия алмайды, ештеңе төлемейді. Сосын дәріханаларға таратады. Ал дәріханалар амалсыздан алады, өйткені олардың да күн көруі керек.

Ал дәріхана бизнесі күнкөріс қамымен жүрсе, Денсаулық сақтау министрлігі халықтың қауіпсіздігін басты назарға алған. Заңсыз дәрілердің саудасына тосқауыл қою үшін бақылаушылар тексерісті күшейтіп, дәріханаларды жіті қадағаламақ. Енді қазақстандық дәріханалардың сөрелерінде контрафактілік препараттардың пайда болуына жол бермеу – басты міндет.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

Бөлісу: