Буллинг. Бұл сөз соңғы кезде қолданысқа белсенді түрде еніп кетті. Балалар арасында әлімжеттіктің көбейгені сонша, жиі қолданатын болдық. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, биыл буллингтің 355 дерегі тілкелген. Барлық дерек бойынша ата-аналар жауапкершілікке тартылды. Десе де мұнымен буллинг біржола жойылған жоқ.
Психологтар буллингтің кез келген түрі қауіпті екенін айтады. Маманның сөзінше, қазіргі уақытта әлеуметтік желілер мен технологиялардың жаңа деңгейге шығуы балалар арасындағы буллингті де жаңа деңгейге көтерген. Астанадағы Психологиялық қолдау орталығының мәліметінше, жыл басынан бері 2600-ге жуық жеке кеңес өткізілген. Оның 1131-і ата-аналарға, 1156-сы балаларға және 284 кеңес педагогтерге берілген.
Балалар арасындағы буллинг бұрын да болған. Тек қазіргі уақытта телефонға түсіріп алу, оны таратып жіберу секілді әрекеттер бұл мәселені одан бетер өршітіп жіберді. Әсіресе физикалық, яғни күш көрсету, ұрып соғу. Мәселен, мына оқиға Петропавлда болған. Онда 6 қыз қатарласына күш көрсетіп, ақша талап еткен.

ӘСЕМ ҚОЖАХМЕТОВА, АСТАНА ҚАЛАСЫ ПД ҚЫЗМЕТКЕРІ:
— Балалар бір-біріне балағат сөзді көп айтады. Балағат сөзді бала көтермейді. Сондықтан бір-бірімен сөзбен конфликт басталады. Ол конфликт одан кейін бір-бірін ұрып соғу фактілеріне әкеліп соғады. Бұл бойынша полиция басқармасына арыз-шағым түссе, біз міндетті түрде құқықбұзушылыққа қарсы кеңес өткіземіз, сол кеңесте ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
«Буллингпен құқық қорғау саласы ғана емес, ел болып күресу қажет», — дейді мамандар. Осы ретте біз шетелде өмір сүріп жатқан отандастарымыздың да буллинг туралы пікірін тыңдаған едік. Мәселен, Оңтүстік Кореяда бұл заңсыздыққа бала өзі жауап береді.

ТАТЬЯНА ЭМ, КИМПХО ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Балам корей тілін әлі білмей тұрып, мектептің бірінші сыныбына барған кезде оған жақсы қарым-қатынас жасады. Дегенмен бастауыш сыныпта бір келеңсіз жағдай болды. Мен мектепке барып, болған оқиғаның видеосын мұғалімге көрсеттім. Содан кейін бала кешірім сұрады. Оңтүстік Кореяда буллинг – өте қатаң қаралатын мәселе. Бұрын да бұл проблема қоғамда өткір тұрған. Қазір мектепте буллингке қатысы бар дерек тіркелсе, оқушының университетке түсуіне де кедергі болуы мүмкін.

Алматы қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты мына мекемеде кәмелетке толмағандар жазасын өтейді. Қазір мұнда 95 сотталушы жатыр. Жыл басынан бері мекемеге 130-дан астам жасөспірім түскен. Солардың бірі жасаған қылмысына қатты өкінетінін айтып, ағынан жарылды.

ЖАЗАСЫН ӨТЕУШІ:
— Бір жігітті қорқытып, пышақ тығып, яғни видеоға түсіріп, ақша бопсаладым. Бұл мекемеде жалпы отырғаныма 6 ай болды, аз уақыт болса да, мен бәрін түсіндім. Әке-шешемнің қасына барғым келеді. Олар жылап келген сайын, мен өкінемін. Жастық шағым босқа өтіп жатқанына өкінемін.

«Буллингті болдырмау үшін баламен ашық сөйлесіп, эмоционалды тұрғыда қолдау қажет. Содан кейін қауіпсіз орта қалыптастыруға тырысу керек», — деп санайды психологтар. Әрине, бір ғана баламен жұмыс жасау жеткіліктіз, бұл ретте ата-ана мен ұстаздардың да алар орны ерекше. Яғни «кеңесіп пішкен тон келте болмайды». Сала мамандары буллингпен күресте күш біріктіруге кеңес береді.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

Бөлісу: