Елімізде осы жексенбі, 29 қарашада, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтеді. 228 мәслихатқа 3 мың 447 депутат сайлануы тиіс. Саяси науқанға 10 мыңнан астам кандидат қатысады. Ал дауыс беру құқығына ие азаматтар саны 12 миллионнан асады. Сайлау науқанына дайындық барысы бүгін Орталық сайлау комиссиясы отырысында баяндалды.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
— Осы жексенбіде ел болып тағы да сайлауға барамыз. Бұл жолы аудандық, қалалық және облыстық мәслихат депутаттарын сайлаймыз. Ел бойынша 3 447 депутаттық орынға 11 мыңға жуық кандидат үміткер. Яғни әрбір мандат үшін орта есеппен үш адамнан бақ сынайды. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, барлық өңірлік сайлау комиссиясы дауыс беруге дайын. Сайлауға еліміздегі жеті саяси партияның барлығы қатысады. Олар 99 партиялық тізім ұсынып, оған мыңнан астам үміткер енгізген. Бюллетеньдер өңірлерге жеткізілген. Дауыс беру парақтары мәслихат деңгейі мен сайлау форматына қарай төрт түрлі түсте болады. Атап айтқанда, көгілдір түс – партиялық тізім бойынша дауыс беруге, жасыл түс бірмандатты округтерге арналған. Күлгін бюллетень облыстық маңызы бар қалалар мәслихаттарына, ал қызғылт сары түс аудандық мәслихат депутаттарын сайлау үшін қолданылады.
Кезектен тыс сайлау өткізу туралы шешімді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 12 қазанда қабылдап, барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатқан болатын. Сайлау 29 қарашаға белгіленді. Ертең – тыныштық күні. Кез келген үгіт-насихат жұмысына тыйым салынады. Сайлаудың алдын ала қорытындысы дауыс беру аяқталғаннан кейін бес күн ішінде жариялануы тиіс. Жаңадан сайланған мәслихат депутаттарының өкілеттік мерзімі – бес жыл.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

Бөлісу: