Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейге сапарында бірқатар іс-шараға қатысты. Мемлекет басшысы Владимир Путинмен бірге AI Journey 2026 халықаралық конференциясы аясында ұйымдастырылған көрмені тамашалап, екі елдің жаңа технологиялары және цифрлық жобаларымен танысты. Одан кейін Мемлекет басшысы халықаралық конференцияда сөз сөйледі.
Президент жасанды интеллектіні дамыту Қазақстанның стратегиялық басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, қазір мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы онлайн қолжетімді. Ал отандық IT-қызметтер экспорты былтыр 1 миллиард доллардан асты. Қасым-Жомарт Тоқаев Ресеймен технологиялық серіктестікті одан әрі кеңейтуге дайын екенін жеткізді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Инфрақұрылым мен мамандардың сақадай-сай болуы технологиялық серпіліске кепіл емес екенін біз жақсы түсінеміз. Төл әзірлемелер болуы қажет. Ең бастысы, оны экономиканың кәдесіне жаратқан жөн. Дәл осы себепті жақында Астанада өткен Digital Bridge форумында AI Challenge бастамасын ұсындым. Оның мақсаты – кәсіпорындар мен бағдарлама әзірлеушілерді нақты өндірістік міндеттерді шешуге жұмылдыру. Ресеймен арадағы серіктестігімізде де осындай тәсілге қажеттілік туындайды деп сенемін.
Қазақстан мен Ресей президенттері жасанды интеллект саласында жетістікке жеткен жастармен кездесті. Басқосуға Қазақстан, Ресей және Үндістаннан келген оқушылар мен студенттер қатысты. Кездесу сұрақ-жауап форматында өтіп, жастар жаңа технологияларды ғылымда, медицинада және білім саласында қолдану мүмкіндіктері туралы ой бөлісті. Қасым-Жомарт Тоқаев талантты жастарға қолдау көрсету маңызды міндет екенін атап өтті. Сондай-ақ жас ұрпақты өз бетінше ойлануға және ақпаратты сыни тұрғыдан бағалауға үйрету қажеттігін айтты.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

Бөлісу: