Қарашаның жаймашуақ, жылымық күндері артта қалып, арқада аяз көтеріле бастады. Кей жерлерде қар жауып, жаяу бұрқасын соғып тұр. Аз уақыт бұрын Астанада жапалақтап қар жауды. Қазір де арагідік жауып тұр. Азғана жел бар. Күннің күрт бұзылуына байланысты үш облыстағы 6 республикалық маңызы бар автомобиль жолында көлік қозғалысына шектеу қойылды. Ішкі істер министрлігі жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге үндеу жасады.
«Қазгидромет» дерегінше, еліміздің бірқатар өңірінде ауа райы қолайсыз болады. Жаңбыр мен қар жауып, жел соғады. Жолда көктайғақ болуы мүмкін. Көріну қашықтығы төмендеп, көліктің тежеу жолы ұлғаяды. Осыған байланысты ішкі істер министрлігі жүргізушілерге жылдамдықты азайтып, ара қашықтықты сақтауды, маневр жасағанда аса мұқяит болуға кеңес беріп, үндеу жолдады.
АСХАТ ТӨЛЕГЕНОВ, ІІМ ӘП КОМИТЕТІНІҢ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ:
— 1 желтоқсаннан 28 ақпанға дейін көлік құралдарын қысқы дөңгелектерсіз пайдалануға тыйым салынады. Жаяу жүргіншілерді де сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырамыз. Жолдан өтер алдында көліктердің толық тоқтағанына немесе жүргізушінің сізге жол беріп жатқанына көз жеткізіңіз. Өту кезінде ұялы телефонға алаңдамаңыз, құлаққапты шешіп, айналадағы жағдайды бақылаңыз. Полиция қызметкерлеріне жолда қиын жағдайға тап болған азаматтарға қажет көмекті көрсету және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тиісті тапсырма берілді.
«Алыс жолға шығар алдында ауа райы болжамы мен жол жағдайын алдын ала тексерген жөн», — дейді мамандар.
ЛАУРА ҚАНАТ, «ҚАЗГИДРОМЕТ» РМК ЖЕТЕКШІ ИНЖЕНЕР СИНОПТИГІ:
— Алдағы күндері Қазақстан аумағындағы ауа райын атмосфералық фронттар анықтайды. Ауа райы тұрақсыз болады. Жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын жауып, тұман, көктайғақ құбылыстары байқалып, жел күшейеді және де бұрқасын болжанады. 30 қарашада Қазақстанның шығысында қалың қар, ал оңтүстік-шығысының таулы аудандарында қатты жауын шашын, жаңбыр, қар түрінде жауады.
Синоптиктердің болжамынша, енді күн біртіндеп суытып, 18 градусқа дейін аяз болады. Қар жауып, көктайғақ орнайды. Ал жол саласының мамандары трассаларды уақытылы тазартып, көктайғақ болмас үшін құм себу жұмыстарына кірісіп жатыр.
Әлі де қыс қаһарына міне қойған жоқ. Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстарында қар аралас жаңбыр жауады. Соңы боранға ұласуы мүмкін.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

