Объективті тергеу қажет. Ақтөбеде көз жұмған аурухана қызметкерінің ұлы істің ашық әрі әділ тергелуін талап етті. №1 қалалық көпбейінді аурухана жанындағы оттегі станциясында өрт шығып, денесінің 90 проценттен астамын күйік шалған азамат үш күннен кейін көз жұмды. Марқұмның ұлының айтуынша, медицина ошағының басшылығы қайғылы оқиғаны жасырып отыр. Қайғылы жағдай 14 қараша күні болған. Алайда отбасына қаралы хабар екі сағаттан кейін айтылған. Марқұмның жағдайы ауыр болса да, одан жауап алынған. Әрі не себепті басқа емдеу орнына жеткізілгені белгісіз. Аурухана да, полиция да мардымды түсініктеме бермеген соң, отбасы адвокат жалдап, БАҚ өкілдеріне жүгінді.
ҚАЗЫБЕК САТЫБАЛДИЕВ, МАРҚҰМНЫҢ ҰЛЫ:
— Неге бізге болған жағдайды екі сағаттан кейін хабарлады? Неге 3 сағаттан кейін БСМП больницасынан АМЦ-ға ауыстыруға шешім қабылдады? Сонда әкемді тергеу үшін ұстады ма? Неге өлім аузында жатқан әкемді дәрігерлер фото-видеоға түсіріп қинады?

АЗАМАТ ТҰРЫШЕВ, ҚАЛАЛЫҚ №1 КӨПБЕЙІНДІ АУРУХАНА БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Аурухананың техникалық бөлмелерінің бірінде тұтану болды. Салдарынан бір қызметкер зардап шегіп, денесін термиялық күйік шалды. Ол дереу қарқынды терапия және реанимация бөліміне жеткізілді. Бас комбустиолог қарап, шокқа қарсы қарқынды ем тағайындады.

ЕРКЕБҰЛАН ОМАР, МЕМЛЕКЕТТІК ЕҢБЕК ИНСПЕКТОРЫ:
— Арнайы тергеп-тексеру жұмысы жүргізіліп жатыр. Оқиға орнына келіп, көзбен шолу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Төтенше жағдай департаментіне инспекция тарапынан сұрау жіберілді. Қазір соның қорытындысын күтіп отырмыз.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

Бөлісу: