Биыл Шымкент халықты баспанамен қамтуда рекордтық көрсеткішке жетті. Алайда жаңа баспананың кілтін әкімнің қолынан алған тұрғындар әлі күнге дейін жылусыз отыр. Қара суықта көшіп келіп, үйді жылыта алмай әуре болғандар арнамызға шағымданды. Олардың айтуынша, жаңа баспаанның сапасы да сын көтермейді.
Өз пәтерін сегіз жыл бойы армандап, қолы жеткен Сапаркүл Мүсірәлиеваның қуанышы көпке созылмады. Жаңа пәтерінде қырық қабат киініп, үйді электр пешімен жылытып отыр. Отбасы мүшелері қазір үйдің бір бөлмесіне тығылып күнелтуге мәжбүр. Ол аздай, алғашқы жауыннан соң, терезеден су сорғалап, қабырғалар бүлінген.
САПАРКҮЛ МҮСІРӘЛИЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Көшіп келе беріңіздер деген соң, әкім кілт берген күннің ертеңіне көшіп келдік. Барлық кемшілігін айтып жеткізу қиын. Жаңбыр жауған күннен бастап, терезеден уілдеп жел кіреді, газға да 6 мың теңге жинап алды. Бітпеген жердің бәрін өз ақшамызбен бітіріп жатқан жағдайымыз бар. Бірақ ақша төлесек те, газ жоқ.
Мамандар: «Газдың қосылмауына тұрғындардың да кінәсі бар», — дейді. Сөздерінше, газ тарту үшін бірқатар талап орындалуы керек. «Барлығы сақталған жағдайда, газ алдағы аптада беріледі», — деп уәде берді. Әкімдік өкілдері қазір 40 пәтерлі жеті үйге газ қосу жұмыстары жүріп жатқанын айтты.
Бұл үйлер баспанаға мұқтаж азаматтарға берілген. Мұнда тұратындардың басым бөлігі – мүмкіндігі шектеуі жандар мен көпбалалы отбасылар. Суық үйге көшіп келген тұрғындар енді балалары сырқаттанып, қайта-қайта жедел жәрдем шақырып жатқанын айтады.
Жауаптылардың уәдесіне сенуден қалған тұрғындар қала әкімі мәселені толық шешіп берсе екен дейді. Айта кетейік, бұл үйлерді әлеуметтік осал топтағы жандар 11 жылдан 16 жылға дейін несиеге алған.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

