Осы жексенбі, 29 қарашада, елде барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтеді. 228 мәслихатқа жаңа депутаттар сайлануға тиіс. Мандатқа 10 мыңнан астам кандидат – үміткер. Ал дауыс беру құқығына ие азаматтар саны 12 миллионнан асады.
Осы жексенбіде ел болып тағы сайлауға барамыз. Бұл жолы аудандық, қалалық және облыстық мәслихат депутаттарын сайлаймыз. 3 447 депутаттық орынға 11 мыңға жуық кандидат үміткер. Яғни әрбір мандат үшін орта есеппен үш адамнан бақ сынайды. Түркістан облысында ғана бір орынға 4 адам таласады. Сайлауға еліміздегі жеті саяси партияның барлығы қатысады. 97 партиялық тізім бойынша мыңнан астам үміткер ұсынылған. Ал, бірмандатты сайлау округі бойынша 9 мыңнан астам кандидат тіркелген. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, барлық өңірлік сайлау учаскелері дауыс беруге дайын. Бюллетеньдер өңірлерге әлі жеткізіліп жатыр. Бұл ретте орталық сайлау комиссиясының мүшесі сайлау күні бюллетеньмен суретке түсуге қатысты заң жағынан түсініктеме берді.

ЛӘЗЗАТ СҮЙІНДІКОВА, ОРТАЛЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
— Қазақстан Республикасындағы Сайлау туралы Конституциялық заңы 27-бабына сәйкес, дауыс беру күні толтырылған сайлау бюллетенін фотоға және немесе бейнежазбаға түсіруге, сондай-ақ мұндай материалдарды таратуға тыйым салынады. Сонымен қатар сайлаушылардың сайлау учаскесінде суретке түсу құқығы шектелмейді. Атап айтқанда, сайлау жәшігінің жанында немесе бюллетеньді жәшікке салу сәтінде де суретке түсуге болады. Алайда фотосуретте немесе жазбада сайлаушының қай партияға дауыс бергені көрінбеуге тиіс.
Дауыс беру парақтары мәслихат деңгейі мен сайлау форматына қарай төрт түрлі түсте болады. Көгілдір түс — партиялық тізім бойынша дауыс беруге, жасыл түс бірмандатты округтерге арналған. Күлгін бюллетень облыстық маңызы бар қалалар мәслихаттарына, ал қызғылт сары түс аудандық мәслихат депутаттарын сайлау үшін қолданылады. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы аймақтардың сайлау күніне дайындығы туралы есебін тыңдап болған соң, қолайсыз ауа райы жағдайларына дайын болуды тапсырды.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
— Кезектен тыс сайлау өткізу туралы шешімді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 12 қазанда қабылдап, барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатқан болатын. Сайлау 29 қарашаға белгіленді. Оны өткізуге 35,8 млрд теңге бөлінді. Ертең – тыныштық күні. Кез келген үгіт-насихат жұмысына тыйым салынады. Сайлаудың алдын ала қорытындысы дауыс беру аяқталғаннан кейін бес күн ішінде жариялануы тиіс. Жаңадан сайланған мәслихат депутаттарының өкілеттік мерзімі – бес жыл.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

Бөлісу: