Қарашаның жаймашуақ күндері артта қалып, Арқада аяз көтеріле бастады. Кей жерлерде қар жауып, жаяу бұрқасын соқты. Жолда көктайғақ орнады. Салдарынан апат жиіледі. Күннің күрт бұзылуына байланысты республикалық маңызы бар 6 жолда қозғалыс шектелді. Ал коммуналдық және төтенше жағдайлар қызметі күшейтілген жұмыс режиміне көшті.
Ақтөбе облысында ақ боран соғып, ат құлағы көрінбейтіндей жағдайға жетті. Осыдан кейін республикалық маңызы бар бірқатар автожолда қозғалыс шектелді. Бұл кеше кешке болған ахуал. Ал бүгін өңірде күн шайдай ашық. Сондықтан қозғалыс қайта жанданды. Полиция өкілдері 500-ден астам жүк және жеңіл көлігін жетектеп алып өтті.
Бір ғана Қарағандыда ауа райының күрт өзгеруіне байланысты 37 жол-көлік оқиғасы болды. Көктайғақта жол үстін тазалап жүргендер де кібіртіктеді. Ал Астанада коммуналдық қызмет көлігі апатқа ұшырады. Долы жел жиектегі белгілерді де жантайтып тастаған. Синоптиктер алдағы күндері тағы да жаңбыр және қар жауып, жел соғатынын айтады. Сондықтан Ішкі істер министрлігі жүргізушілерге ақырын жүріп, анық басуды ескертті.
АСХАТ ТӨЛЕГЕНОВ, ІІМ ӘП КОМИТЕТІНІҢ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ:
— Жаяу жүргіншілерді де сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырамыз. Жолдан өтер алдында көліктердің толық тоқтағанына немесе жүргізушінің сізге жол беріп жатқанына көз жеткізіңіз. Өту кезінде ұялы телефонға алаңдамаңыз, құлаққапты шешіп, айналадағы жағдайды бақылаңыз.
Дегенмен әуежайларда кідіріс болған жоқ. Әуе рейстері уақытылы ұшып-қонды. Ал ауа райын болжаушылар дауылды ескуерту жариялап жатыр.
ЛАУРА ҚАНАТ, «ҚАЗГИДРОМЕТ» РМК ЖЕТЕКШІ ИНЖЕНЕР СИНОПТИГІ:
— Алдағы күндері Қазақстан аумағындағы ауа райын атмосфералық фронттар анықтайды. Ауа райы тұрақсыз болады. Жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын жауып, тұман, көктайғақ құбылыстары байқалып, жел күшейеді және де бұрқасын болжанады. 30 қарашада Қазақстанның Шығысында қалың қар, ал оңтүстік-шығысының таулы аудандарында қатты жауын шашын, жаңбыр, қар түрінде жауады.
Синоптиктердің болжамынша, аз күнде аяз көтеріліп, күн 18 градусқа дейін суытады. Қар жауып, жер қатады. Ал жол саласының мамандары трассаларды тазартып, құм себу жұмыстарына кірісіп жатыр.
АЙЗАТ ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
— Күн қырық құбылып тұр. Алғашқы түскен ақ ұлпа еріп кетіп, қарашадағы жылымық ауа енді ғана суи бастады. Әдеттегідей, еп ерте келіп жатып алатын қарлы қысты жұрттың асыға күткені рас. Таңертеңнен айнала аппақ болып, бір сәт қар төпелеп жауған еді, қазір күн күлімдей бастады. «Жаңбыр жауып, жолдар көктайғаққа айналады», — дейді синоптиктер. Ендеше, жолға шықсақ абай болайық!
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

