Павлодарлық студент ерекше өнертабысын таныстырды. Жас өнертапқыш бұлшық ет сигналдары арқылы басқарылатын бионикалық қол протезін жасап шығарды. Жасанды қол адамның бұлшық етінен келетін импульстерге жауап беріп, қажет қимылдарды орындай алады. Жоба еліміздің Оқу-ағарту министрлігі өкілдерінің назарын аударды. Сонымен қатар өнертабыс авторы Қазақстанның үздік жүз студентінің қатарына енді.
Бейбіт Паруаз – ақпараттық технологиялар колледжінің үшінші курс студенті. Алғашында робототехникаға жай ғана қызығушылық танытқан жасөспірім уақыт өте келе бұл саланы терең зерттей бастаған. Бүгінде жас өнертапқыш техникалық құрылғылар жасау ғана емес, мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірін жеңілдететін тиімді дүние жасауды көздейді.
БЕЙБІТ ПАРУАЗ, IT-ӘЗІРЛЕУШІ:
— Шетелдік баламалар қымбат. Олардың құны 18 мыңнан 50 мың долларға дейін жетеді. Ал мен өз нұсқамды ұсынып отырмын. Ол қайта өңделген пластиктен жасалған, экологиялық жағынан таза. Сондықтан оның бағасы 6 мыңнан 16 мың долларға дейін болады.
Жас өнертапқыштың еңбегі республикалық деңгейде де жоғары бағаланды. Оның жобасы «Қазақстанның ТОП-100 студенті» байқауындағы үздік бес жұмыстың қатарына енді. Өнертабыс Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға жеке таныстырылды. Қазір Бейбіт протезді одан әрі жетілдірумен айналысып, халықаралық WorldSkills чемпионатында өз шеберлігін көрсетуге дайындалып жатыр.
ГҮЛАЙЫМ КИМАДИДЕН, КОЛЛЕДЖ БӨЛІМШЕСІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:
– Колледжде бейінді оқыту дегенді қолдаймыз. Яғни студенттер зертханада тәжірибе жүзінде дайындалады. Бейбіт роботехника командасының құрамында бар. Олар әртүрлі жоба жасап, ұсынады.
Қол жеткізген жетістіктерге қарамастан, өнертабыс әлі де бірқатар техникалық сынақтан өтіп, сертификатталуға тиіс. Қажет құжаттарды алғаннан кейін жас өнертапқыш өз жобасын тәжірибеде қолдануға енгізуді жоспарлап отыр.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

