Операциядан шыққан бүлдіршінмен мейірлене сөйлесіп, көңілін аулаған медицина маманы көпшілікті сүйсінтті. Әрине, дәрігер мейірімді болуы керек. Дегенмен пациентті үлкен-кіші деп бөліп-жармай, шуағын шашқан мейіргер кім?
Әлеуметтік желіде тараған видео көпшіліктің көңілін толқытты. Кадрда отадан енді шыққан бүлдіршінмен әңгімелесіп отырған мейіргер бейнеленген. Бұл – UMC жүрек орталығы. Мұнда дәрігерлер күн сайын жүрегінде ақауы бар балалардың өмірі үшін күреседі. Солардың бірі – мейіргер-анестезист Дархан Жантөре. Ол кішкентай пациенттердің отаға дейінгі және одан кейінгі жағдайын қадағалап, жанынан табылады. Оның айтуынша, балаларға медициналық көмекпен қатар жылы сөз бен мейірім де аса мыңызды.

ДАРХАН ЖАНТӨРЕ, UMC ЖҮРЕК ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МЕДБРАТ-АНЕСТЕЗИСТІ:
— Кішкентай балаға есіктің сыртында анасы күтіп тұрғанын айтып, жұбатуға тырыстым. Байқасаңыздар, ол бала мұқият тыңдап тұрды. Балалардың сезімталдығы жоғары болады. Науқасты тек дәрі-дәрмекпен емес, жылы, жұмсақ сөздермен де емдеуге болады. Балалармен жұмыс істегенде, ересектерге қарағанда балалардың жанынан бір минутқа да алысқа кетпейміз. Балаларға көңіл аудару керек болады.
Бұл палаталар мен операциялық бөлмелерде әр сәттің маңызы зор. Мұнда дәрігерлер мен мейіргерлер, жалпы медицина қызметкерлері бірлесе жұмыс істеп, пациенттердің жағдайын жіті бақылайды. Бірі күрделі ота жасаса, енді бірі операциядан кейінгі күтімге жауап береді. Өйткені жүрекке жасалған отаның сәтті өтуі ғана емес, баланың одан кейінгі жағдайы да аса маңызды.

ХАФИЗ АХМЕРОВ, UMC ЖҮРЕК ОРТАЛЫҒЫНЫҢ АНЕСТЕЗИОЛОГ-РЕАНИМАТОЛОГ ДӘРІГЕРІ:
— Жансақтау бөліміне балалар көбіне ауыр, кейде өте ауыр жағдайда жеткізіледі. Олардың әрқайсысының өмірі үшін күресеміз. Дәрігер үшін ең қиыны – балаға дер кезінде көмек көрсетіп үлгермеу. Бұдан бөлек, осындай қиын сәттерде ата-анасына баласының жағдайын түсіндіру де оңай емес. Бұл – тек реаниматологтар үшін ғана емес, хирургтер үшін де үлкен сынақ.

Өйткені мұндағы әрбір сәттің артында бір отбасының үміті, бір баланың болашағы тұр. Дәрігерлер үшін ең үлкен қуаныш – баланың тез сауығып, ата-анасының құшағына аман-есен оралуы. UMC жүрек орталығында балаларға туғаннан бастап 18 жасқа дейін медициналық көмек көрсетіледі. Мұнда құрсақта жатқанда да, туа біткенде де жүрек ақауы анықталып, ең күрделі түрлеріне дейін операция жасалады. Орталықта заманауи емдеу әдістері де тұрақты енгізіліп келеді. Соның нәтижесінде биыл медицинада бұрын-соңды болмаған маңызды қадам жасалды.

АЙГЕРІМ ЖАНАТҚЫЗЫ, UMC ЖҮРЕК ОРТАЛЫҒЫНЫҢ КАРДИОЛОГ-ДӘРІГЕРІ:
— Өте күрделі операциялар жасалынады. Осы жылы бірінші рет балаға жүрек трансплантациясын жасадық. Сонымен қатар жүрекке механикалық көмек ретінде системасын қоямыз. Жүрек ырғағының бұзылуы болса, шап артериясы арқылы жүрекке ота жасалынады.

Жүрек орталығы 2011 жылдан бері жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде мұнда 110 мыңнан астам пациентке көмек көрсетіліп, 109 жүрек және 26 өкпе трансплантациясы жасалған. Орталықта Қазақстанның түкпір-түкпірінен және көршілес елдерден келген науқастар емделеді. Балаларға күрделі операция жасалып, медициналық көмек квота бойынша тегін көрсетіледі. Әлеуметтік желіде тараған бір ғана бейнежазба бізге медицина қызметкерлерінің еңбегін жақынырақ тануға мүмкіндік берді. Әр баланың сауығып, ата-анасының құшағына аман-есен оралуы – пациенттердің өмірі үшін күресіп жүрген дәрігерлер үшін ең үлкен қуаныш.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

Бөлісу: