«Жаңа кезең» бағдарламасы | 03.02.2023

«Қаралы қаңтардан» кейін Президент Тоқаев 2019 жылы бастаған саяси реформаларды жеделдетуді шұғыл қолға алды. Соның бірі – 19 наурызда өтетін Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслихат депутаттарының сайлауы. Бұл сайлау бұрынғыдан мүлдем өзгеше. Неге, несімен ерек дегенді әр жұма кешінде шығатын арнайы жобамызда жан-жақты тарқатамыз. Алдымен жылға жетер-жетпес уақытта ел аумағында жүзеге асқан саяси реформаларға тоқталайық.

Мәжіліс сайлауы – Тоқаевтың былтыр күзде жариялаған Жолдауындағы мемлекеттік институттарды қайта жандандыру үрдісінің заңды жалғасы. Қазір Президент елдегі қандай да бір саяси партияға жетекшілік етпейді әрі жергілікті әкімдер де бұрынғыдай партия филиалдарын басқармайды. Бұл – осы жолғы сайлауда сыналатын сындарлы шешім. Алдағы саяси аламаннан жұрт тағы қандай жаңалықтар күтеді? Осы және өзге де сауалдарға Ұлттық құрылтай мүшесі, саясаттанушы Қазбек Майгелдинов жауап береді.

Мәжіліс пен мәслихат сайлауына сайлаушылардың жартысынан көбі қатысуға дайын екен. «Қоғамдық пікір» зерттеу институтының телефон арқылы жүргізген сауалнама болжамы осындай. Оған қатысқандардың 53,3% дауыс беруге дайын екенін айтқан. Респонденттерге: «Егер алдағы жексенбіде Парламент сайлауы болса, оған қатысар ма едіңіз?» деген сұрақ қойылған. Респонденттердің 48,6% AMANAT партиясын қолдауға ниетті болса, «Ауыл» партиясына сұраққа жауап бергендердің 6,2%, «Ақ жолға» 5,4%  дауыс беретінін жеткізген. Қалған партияларға 3-4% аралығында. Сауалнамаға елдің барлық өңірінен 18 жастан асқан 1200 адам қатысқан.

Пятница, 03 февраля 2023, 18:00

Соңғы шығарылымдар