«Жаңа кезең» бағдарламасы | 24.03.2023

Жылдың ең басты саяси додасы мәреге жеткелі де бес тәулік өтті. Былтыр референдум болып, Ата заңға енгізілген тың өзгерістерден кейін елде «Сайлау туралы», «Саяси партиялар туралы»  заңдар да заманның талабына сай жетілдірілген. Іле жеңілдетілген талаптарға сай жаңадан екі партия тіркеліп, олардың екеуі де өткен сайлауда бақ сынады. Айта кетейік, елімізде дауыс беру құқығына ие 12 млн-нан астам азамат бар. Өткен сайлауда олардың 54%-і өз таңдауын жасады. Солардың 3,9%-і бюллетеньдегі «бәріне қарсымын» бағанын белгілепті.

Сайлау өтті дегенің сайран басталды дегенді білдірмейді. Керісінше, саяси текетірестің басталғанын көрсетсе керек. Алдағы күндері партиялар өзінің саяси кеңесі мен бюросын өткізіп, партиялық тізіммен кімдердің Парламент партасына жайғасатынын жария етеді. Әрі биыл араға 19 жыл салып, қайтадан аралас жүйемен өткен сайлау еліміздің барлық өңірінде тартысты өтті. Оған дәлел ретінде бір орынға 40 шақты кандидаттың таласқанын айтсақ та жеткілікті. Ал осы сайлаудан билік пен бұқара қандай сабақ алды, нендей дүниелерді қайта саралау керек деген заңды сұрақ туады. Мұны біз «Жаңа кезеңнің» жаңа қонағы, саясаттанушы Дәурен Базаровпен талқылаймыз.

Өткен жексенбі күнгі сайлаудан хабар тарату үшін біздің елге шетелден 230-дан астам журналист келіпті. Олардың арасында әлемнің белді ақпарат агенттіктері де бар. БАҚ өкілдері кәрі құрлықтан, сары құрлықтан тіпті Африка тәрізді қара құрлықтан да келген. Журналистер дауыс берудің әділ, ашық өтіп жатқанына куә болғанын айтады. Олардың пікірінше, Қазақстандағы сайлау процесі өзге елдер үшін өнеге болуға лайық екен. Жалпы елдегі сайлау науқанының ұйымдастырылуына шетелдік байқаушылар да баға берді. Әрі өз елімізде де жергілікті байқаушылар өздеріне жүктелген міндеттерін аса ыждағаттылықпен орындады.

Пятница, 24 марта 2023, 18:20

Соңғы шығарылымдар