Конституция – елдегі бүкіл құқықтық жүйенің түп-тамыры, түбірі, темірқазығы. Бірақ кейде сол Ата заңнан тарайтын қатардағы кейбір заңдар мен шешімдердің Конституцияға қайшы келіп, қиындық тудырып жататыны бар. Ондайда елдегі түрлі құқықтық нормаларға Конституциялық кеңес түсінік беретін. Оның өзінде оған биліктің үш тармағы ғана қайырылып, өтініш жасай алатын. Президенттің бастамасымен биыл бұл қасаң қағида мүлдем жойылды. Бүгінгі тақырып елдің әкімшілік жүйесіндегі құқықтық саланың реформаларына арналмақ.
Азаматының құқығы қорғалмаған елдің құты қашып, билігінің құзыры құлдырайтыны рас. Әсіресе соты солқылдақ, прокуроры пәрменсіз, полициясы дәрменсіз ұрда-жық болса, сорыңның қайнағаны сонда болады. Сондықтан да дамыған елдерде құқық қорғау саласы биліктен тәуелсіз. Азат, бейтарап және олардың ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс. Ал бұл мәселеге келгенде біз неге күмілжіп қаламыз? Бұл сауалды «Жаңа кезеңнің» жаңа қонағы, су жаңа депутат, қазақ қоғамына танымал заңгер Бақытжан Базарбектен сұрап білеміз.
Билік айту – оңай, біліп айту – қиын. Бұл әділ төрелігін айтатын судьялар үшін маңызды. Өкінштісі сол, біздегі сот жүйесі әлі күнге соттардың қателігі, заң мен судья этикасын бұзу фактілерінен арылмай келеді. Сотқа деген сенімсіздік осыдан туады. Жекелеген судьялар дауларды қарау процесін әдейі созып, бюрократия мен түрлі әуре-сарсаңға жол береді. Сондықтан сот жүйесіндегі кадр саясатын әзірге мінсіз деу ерте. Оның үстіне бізде құқықтық таластарды медиативтік жолмен шешу ісі өте баяу. Ал Мемлекет басшысы осы олқылықтардың орнын толтырып, кем-кетікті түзеу үшін сот жүйесін реформалап, судьялардың кәсібилігіне, сот төрелігі мен сот ісін басқарудың сапасына түбегейлі жаңа тәсілдер енгізуді ұдайы айтып келеді.
Пятница, 07 апреля 2023, 18:20
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.